Там 03, 2021 14:59 Asia/Almaty

Ислам революциясының жетекшісі жаңа президентті растау рәсімінде жастарға ерік беру, өндірістік кедергілерді жою, ұлттық валютаны нығайту және халықтың әл-ауқатын жақсарту қажеттігін айтты.

Ислам революциясы жетекшісінің кеңсесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, он үшінші кезең президентінің үкімін растау рәсімі бүгін, сәрсенбі күні имам Хомейни (р.) кесене-кешенінде өтіп, Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи халықтың дауысын растап, сейіт Ибраһим Раисиді ИИР Президенті қызметіне тағайындады.

Растау үкімі мәтінінде: «Аса құдіретті Аллаға алғыс айтамын, өйткені ол бізге рақымын төгіп, Иранды тағы бір рет сайлау деген саяси-әлеуметтік сынақтан мерейлі өткізді. Иранның жоғары мәртебелі халқы күрделі де ауыр жағдайда сайлауға белсене қатысу арқылы халық даусының ел басқаруда үстем екенін көрсетіп, мемлекеттік қызметте жарқын өтілімге ие, халыққа қадірлі, дана да тақуа тұлғаны таңдау арқылы әділеттік, даму, азаттық пен абыройдың жолы саналатын революцияның нұрлы жолын жүріп өтуге айқын ерік-жігер білдірді»,-делінген.

Растау үкімінің мәтінінің жалғасында: «Бүгін қадірлі отанымыз қалтқысыз қызметке зәру, барлық салаларда серпіліс жасауға дайын және қырағы да батыл, сапалы да джиһадтық басқаруды қажет етеді. Сонда ол халықтың ашық та жасырын күш-қабілетін, әсіресе қиындықтарға мойымайтын жастарды жұмылдырып, сындарлы іс пен талпыныс майданына әкеле алады, өндіріске кедергілерді жойып, ұлттық валютаны нығайту саясатын барынша ұстана алады, экономикалық ауыртпашылықты көтеріп отырған қоғамның орта және төменгі тобының әл-ауқатын жақсарта алады. Қырағы мәдени стратегиямен Иран халқының рухани және материалдық жоғарылауына жағдай жасайтын басшылық елдің лайықты орынға жету әрекетін тездетеді. Енді қадірлі халқыма алғыс айтып, олардың таңдауын қолдап, сейіт Ибраһим Раисиді растап, оны ИИР Президенті лауазымына тағайындаймын. Алла тағаладан оған және оның әріптестеріне сәттілік пен мерейлі қызмет беруін сұраймын. Жаңа президент ислам мен революцияның тура жолын жалғастырғанға дейін халықтың дауысы да, олардың таңдауы да сақталады. Алла қаласа, солай болады»,-делінген.  

Тегтер