Шіл 29, 2021 20:14 Asia/Almaty
  • Қалибафтың Дамаскқа сапары – Иран мен Сирияның экономикалық қатынасындағы жаңа тарау

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Дамаскқа сапарында Сирияның Президенті, Премьер-министрі, Сыртқы істер министрі және екі елдің экономикалық белсенділерімен кездесіп, сұхбаттасты.

Мұхаммед Бағер Қалибаф  сәрсенбі күні Сирия Президенті Башар Асадпен Дамаскте кездесіп: «Батыс елдері, әсіресе АҚШ-тың Иран мен Сирия халқына қарсы барынша қысымы жеңіліс тапты. Алдағы төрт жыл – екі елдің экономикалық ынтымақтастығын дамытуға берілген қолайлы мұрсат»,-деді.

Башар Асад осы кездесуде Иран мен Сирияның басты серіктестер екенін айтып, әріптестіктің түрі анықталуы үшін ортақ комитеттер құру қажеттігін айтып: «Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы кеңейе түсуі керек»,-деді.

Сирияда президенттік сайлау өтіп, Башар Асад жеңіске жеткеннен кейін Иран Мәжілісі төрағасының Дамаскқа сапарының маңыздылығы арта түсті. Иранда да, Сирияда да жаңа кезең басталды. Сондай-ақ екі елдің парламенттері  өзара сауда-экономикалық әріптестікті дамытуда маңызды рөл атқарады.

Аймақтағы көршілес әрі дос елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту Ислам Кеңесі Мәжілісінің он бірінші шақырылымының да, Ирандағы жаңа үкіметтің де басты басымдығы болып табылады. Осы ортақ қатынас Иранның Батыс Азия елдерімен, әсіресе Сириямен экономикалық әріптестік перспективасын айқындап берді.

Сирия түрлі лаңкестік топтар және олардың батыстық және араб демеушілерімен ұзаққа созылған соғыстан кейін қазір саясат пен қауіпсіздік  саласында сенімді тыныштық пен тұрақтылықты бастан кешіріп жатыр. Осы аралықта Сирияның қираған инфрақұрылымын қайта жөндеу –          осы ел үкіметінің басым бағыты және Иранның жеке компанияларының Сирияда жұмыс істеуіне жақсы мұрсат.

Бұл салада Иран Ислам Кеңесі Мәжілісі төрағасының орынбасары Әли Никзад Iran Press ақпарат агентігіне берген сұхбатында Мәжіліс төрағасының Сирияға сапары туралы: «Сирияның жағдайын назарға ала отырып, Иран бұл елдің экономика, инженерлік-техникалық қызметтер, қала құрылысы, тұрғын үй салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, электр қуаты, су, кен және мұнай салаларына инвестиция сала алады»,-деді.

Сирия Иранның түрлі компаниялары үшін сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инженерлік-техникалық қызметтер саласында ірі әлеуеттерге ие.

Ирандық компаниялар барлық салаларда жақсы қарым-қабілетке ие. Сирияның инвестиция нарығына қатысу арқылы осы елді қайта жөндеуде маңызды рөл атқарып, екі елдің экономикалық әріптестігін кеңейте алады.

Иран мен Сирияның саяси және стратегиялық әріптестігі екі елдің экономикалық қатынасын дамыту үшін сенімді негіз болады.

Иран мен Сирияда қалыптасқан жаңа жағдай екі елдің экономикалық қатынасында жаңа тарау бастай алады.  

Иран мен Сирия өзара келісімдер арқылы екі елдің мүддесіне сай экономикалық әріптестіктің перспективасын анықтай алады. Екі елдің сауда қатынасы артқан сайын дұшпандардың барынша қысымы мен санкциялық құралдары залалсыздана түседі.

Тегтер