Иран Ауғанстанстандағы лаңкестік жарылыстарды айыптады
Қаң 11, 2017 13:30 Asia/Almaty
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы сейсенбі күні Ауғанстанда орын алған лаңкестік жарылыстарды айыптап, елдің үкіметі мен халқына және лаңкестік шабуылдан аман қалғандарға тілектестік білдірді.
Иран Телерадио бірлестігінің ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша Баһрам Ғасеми: «Аймақ үкіметтері мен халықтарының бірігіп, аймақ пен әлемде таралған лаңкестік пен зорлық-зомбылық сынды сұм құбылыстарды тамырымен құртуға батыл кірісетін уақыты келді»,- деді.
Кабулда сейсенбі күні Ауғанстанның Ұлттық мәжіліс ғимаратына жақын жерде орын алған екі жарылыс салдарынан кемінде 38 адам қаза болды. Бұл екі жарылыстың жауапкершілігін Талибан тобы өз мойнына алды.
Сондай-ақ сейсенбі күні кешке Қандағар қаласында орын алған жарылыста кемінде 9 адам өліп, 18 адам жарақат алды. Бұл жарылыста Қандағар облысының әкімі Мұхаммад Хомаиун Азизи мен Ауғанстандағы Біріккен Араб Әмірлігінің елшісі жарақат алды.
Ауғанстанның оңтүстігіндегі Хельманд облысының орталығы Лашкаргох қаласы да лаңкестік шабуылдың нысанасына алынды. Соның салдарынан 7 адам өліп, 4 адам жарақат алды.