Иран канадалық соттың біржақты үкіміне реакция білдірді
(last modified Sun, 19 Feb 2017 17:36:32 GMT )
Ақп 19, 2017 23:36 Asia/Almaty
  • Иран канадалық соттың біржақты үкіміне реакция білдірді

Иран Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы: "Канаданың Онтарио сотының жуырдағы ИИР-ге қарсы үкімі мемлекеттер мен олардың мал-мүлкінің соттық иммунитетіне қатысты халықаралық құқықтық принциптеріне қайшы әрі қабылдауға келмейді" деді.

Бахрам Ғасеми Канаданың Онтарио сотының Иранға қарсы үкіміне реакция білдіріп: "Өкінішке орай, канадалық сот халықаралық ережелер мен үкіметтердің теңдік қағидасына назар аудармастан, осындай үкім шығарды. Иран бұл үкімді қабылдамайды. Иран осыдан бұрын Канада үкіметіне осы мәселеге қатысты өз арналары арқылы ресми түрде наразылығын бірнеше рет білдірген болатын. Иран осы мәселеге қатысты саяси және құқықтық шара қолдану құқығын сақтап қалады" деді.

Канаданың Онтарио соты сенбі күні біржақты әрекетінде Иранды лаңкестікті қолдап отыр деп айыптаған бір топ талапкердің соттық шығындарын өтеу үшін Иранды 300 мың доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Бұл сот 2016 жылдың маусым айында ойдан шығарылған уәждерге негізделіп, Иранды лаңкестіктен жапа шеккен бір топ адамға 13 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген болатын. 

Иран өзін әлемде лаңкестіктің ең үлкен құрбаны санап, осы уақытта аймақтағы лаңкестікпен күрестің алдыңғы шебінде тұрған жағдайда канадалық сот осындай негізсіз уәждер айтуда.