Ғасеми: АҚШ-тың ойластырылмаған саясаттары – Таяу Шығыстағы қайшылықтардың басты факторы
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы АҚШ-тың ойластырылмаған әрі қате саясаттарын соңғы жылдарда Таяу Шығыста қайшылыққа толы тұрақсыз жағдайдың қалыптасуының басты факторы деп атады.
Бахрам Ғасеми сенбі күні кешке АҚШ армиясы орталық штабының басшысы Джозеф Вотелдің ИИР-ға қарсы негізсіз әрі қасақана сөздеріне реакция білдіріп: «Аймақтағы қазіргі соғыс ошақтары мен қайшылықтар АҚШ басшыларының қате әрі ішкі істерге араласушы саясаттары мен қатынастарынан бастау алып отыр. Бұл қателіктер АҚШ-тың шектен тыс талап етушілігі, ел басшыларының Таяу Шығыс стратегиялық аймағын дұрыс білмеуі және сионистік режимге қалтқысыз қолдау көрсетуі салдарынан туындап отыр. АҚШ-тың осы тарихи-мәдени аймақта болуы мен қарым-қатынастар тарихы теріс мақсатқа негізделген әрі ойластырылмаған қатынастарға толы. Мұның барлығы терроризм мен экстремизмнің туындауына әкеліп соқтырды. Тіпті, лаңкестік топтар, соның ішінде әл-Каида, ДАИШ пен «ән-Носрат» майданының пайда болуы осындай саясаттардың тек бір кішкентай бөлігі болып табылады»,-деп мәлімдеді.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы АҚШ-тың өткен онжылдықтар барысында Парсы шығанағы аймағы халықтарымен, әсіресе Иранның мұсылман халқымен жауласуда қате саясаттар ұстанып, шаралар қолдануының ащы тарихына тоқталып: «АҚШ дамыған әскери құрал-жабдықтар мен қару-жарақтарды Таяу Шығыс аймағындағы белгілі бір елдерге экспорттайтын ең ірі ел ретінде Азияның батысындағы кейбір елдерде қақтығыстар мен соғыстар артып, қауіпсіздік қысымдары мен саяси қуғын-сүргіндердің күшеюінде маңызды рөл атқарып келеді»,-деді.