"Simorgh" зымыран-тасығышын ұшыру – Иранның ғылыми күш-қуатының көрінісі
https://parstoday.ir/kz/news/iran-i29382-simorgh_зымыран_тасығышын_ұшыру_Иранның_ғылыми_күш_қуатының_көрінісі
Имам Хомейни (р) атындағы ұлттық ғарыш айлағын іске қосумен ИИР-дың ғылыми табыстарының қоржынына тағы бір жетістік қосылды.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Шіл 29, 2017 13:31 Asia/Almaty

Имам Хомейни (р) атындағы ұлттық ғарыш айлағын іске қосумен ИИР-дың ғылыми табыстарының қоржынына тағы бір жетістік қосылды.

Имам Хомейни атындағы ұлттық ғарыш айлағы бейсенбі күні салтанатты ашылу рәсімінен кейін өзінің алғашқы әрекеті ретінде "Simorgh" зымыран-тасығышын сынақ түрінде сәтті ұшырды. Имам Хомейни атындағы ұлттық ғарыш айлағы ИИР-дағы алғашқы ұшыру платформасы саналады. Бұл зымыран-тасығышты дайындау, ұшыру, қадағалау және басқару кезеңдерінің барлығын жүзеге асыратын алып кешен болып табылады.

Имам Хомейни атындағы ұлттық ғарыш айлағы технология тұрғысынан қазіргі таңдағы заманауи стандарттарға сай салынған. Бұл жетістік Иранның ғарышқа жер серігін ұшыру бағытындағы алға басқан қадамы саналады. Мұның алдында Иран Nahid, Omid және Rasad атты жер серіктерін өткен жылдары түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғарышқа ұшырған болатын.

Иранның ғарыш саласындағы жаңа жетістігі ұлттық күш-қуаттың құрамдас бөліктерін нығайтушы саналады. Ғылыми күш-қуат бүгінгі таңда мемлекет қуатының құрамдас бөлігі. ИИР Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың әділетсіз санкцияларына қарамастан тұрақтылық және беріктік бағытында қадам басып келеді. Алғашқы ұшыру платформасын іске қосу және жер серігін сәтті ұшыру Иран халқының өз біліміне иек артып жүзеге асырған ұлттық күш-қуаты мен ғиззатының шыңы болып табылады.

Жиырма бірінші ғасыр ғылым мен технология заманы саналады. Енді мемлекет қуаты бұрынғыдай әскери әлеуетпен шектелмейді. Әрбір мемлекеттің күш-қуаты оның әртүрлі салалардағы қабілеттерінің жиынтығынан көрініс табады. Ғылыми жетістіктер әлемде кеңірек тараған ықпал мен реакцияны тудырады. Иранның әлемде ғылыми даму жолындағы жетістіктеріне байланысты ирандық ғалымдар бұл салада көбірек талпыныс жасап, жетістіктерге жеткен сайын Иранның ғылыми қуаты әлемде бұрынғыдан бетер жарқырап көрініс табады. Ғылым салаларындағы жетістіктер басқа салалардағы алға бағытталған әрекет саналады және ол жан-жақты ықпалға ие. Осыған байланысты ИИР президенті Хасан Рухани имам Хомейни атындағы ұлттық ғарыш айлағының салтанатты ашылу рәсімінен кейін: "Бүгінгі таңда ғылым мен технология Иран үшін өте маңызды кеңістік саналады. Сондықтан Иранның әртүрлі ғылым салаларындағы қабілеті мен қуаты артқан сайын, оның күш-қуаты мен ғиззаты да арта түспек",- деді.

Иранның ғарыш саласындағы жаңа жетістігі "Біздің қолымыздан келеді" деген ұранның дәлелі саналады. Ирандық ғалымдар өзіне сенушілік және Ислам революциясы жеңісінен кейінгі кезеңдердегі екі еселенген талпынысқа иек артып, "Біздің қолымыздан келеді" деген ұранды экономикалық қысымдар мен санкцияларға қарамастан шындыққа айналдырды. Бүгінде бұл негізгі және стратегиялық ұран Иранның ғылыми, медициналық, әскери және т.б. салалардағы күш-қуатының құрамдас бөліктеріне әртүрлілік беретін негіз саналады.

Иранның жаңа жетістігі "Simorgh" зымыран-тасығышын сынақ түрінде ұшырумен бір мезгілде АҚШ Сенаты Иранға қарсы санкциялар туралы заң жобасын бекітті. Сонымен қатар, АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті "Simorgh" зымыран-тасығышын ғарышқа ұшыруға реакция білдіріп: "Иранның бұл әрекеті "Ортақ қадам" бағдарламасының рухы мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарын бұзу саналады",- деп мәлімдеді. АҚШ-тың бұл уәжі шындыққа жанаспайды. Себебі, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы Иранның ғылыми даму жолында кедергі емес және болмайды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес, Иранға зымыран-тасығыш ұшыруға тыйым салынған емес. Керісінше, АҚШ-тың өзі әртүрлі сылтаулар және негізсіз негіздерге сүйеніп "Ортақ қадам" бағдарламасының мәтінін бұзған болатын.

Бұл мәселеге қатысты АҚШ-тағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Фитз Патрик бейсенбі күні: "Дональд Трамп үкіметінің Иранның "Ортақ қадам" бағдарламасын бұзғанының дәлелі ретінде келтіріп жатқан сылтаулары негізсіз саналады",- деп қуаттады.