Сафави: Иран әрдайым Ирактың Күрдістан аймағы халқының қолдаушысы болды
Иранның барлық күштерінің мәртебелі қолбасшысының кеңесшісі Иранның әрдайым Ирактың Күрдістан аймағы халқының қолдаушысы болғанын айтып: «Егер ИИР қолдамағанда, Ирактың Күрдістан аймағы ДАИШ лаңкестік тобы тарапынан басып алынған болар еді» деді.
ИСНА агенттігінің бүгін, сәрсенбі күнгі мәліметі бойынша, генерал-майор Сейед Яхия Сафави Иранның Ирактың күрдтеріне 50 жыл бойы қолдау танытып келе жатқанына тоқталып: «Өткен 50 жылда Иран Ирактың күрдтеріне қолдауын тоқтатқан емес. ИИР-ның соңғы қолдауы ДАИШ Эрбильге жетуге шамамен 30 км қалған кездегі оқиғамен байланысты. Иран әскери күштерінің көмегімен ДАИШ лаңкестерін басып-жаншыды» деді.
Иранның барлық күштерінің мәртебелі қолбасшысының кеңесшісі Ирактың Күрдістан аймағындағы жуырда өткен референдумға тоқталып: «Бұл референдумды өткізу бір жағынан сол аймақтың басшысы Масуд Барзанидің артықшылық пен мүмкіндік талап етуімен, екінші жағынан Ирактың Күрдістан аймағында сионистер мен америкалықтар және аймақтағы кейбір араб елдері сияқты шетелдік тараптардың түйткіл қалыптастыру үшін жасаған шетелдік қолдауымен байланысты болды» деді.
Генерал-майор Сафави аймақта үздіксіз қақтығыстар қалыптастыру мен ұзақ соғыстарды аймақтың географиялық шекараларындағы өзгерістердің салдарларының бірі деп атап: «Бұл өзгерістер Америка мен сионистердің жетекшілігіндегі осы аймақта тұрақты құзырға ие болуды көздейтін үстемшіл жүйенің талабы» деді.