Ұшақ апатында қаза болғандардың мәйіттерін тасымалдау жұмыстары аяқталып қалды
Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының жедел жәрдем ұйымы басшысының орынбасары жолаушы тасымалдайтын ATR ұшағы апатында қаза болғандардың мәйіттерін оқиға орын алған жерден іздеп, табу және тасымалдау әрекеттерінің аяқталып қалғанын хабарлады.
Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының жедел жәрдем ұйымы басшысының орынбасары Шахин Фатхи бүгін таңертең Иранның оңтүстік-батысындағы таулы Дена аймағында іздеп, табу және анықтау жұмыстарының аяқталып қалғанын баяндап: "Төрт адамдық 20 топ жаяу күйде жолаушы тасымалдайтын ATR ұшағы құлаған мекеннен мәйіттерді тасымалдау үшін аттанды. Ауа-райының қолайсыз болуы мен ұшақтың бірнеше бөлшекке бөлінуі салдарынан қаза болғандардың мәйіттерін тасымалдау қиынға соқты",- деді.
Дена аймағының басшысы Аббас Бехешти осы уақытқа дейін 32 жолаушының мәйітінің табылғанын хабарлады.
Өткен жексенбі күні Иранның "Асеман" компаниясының ATR ұшағы Мехрабад әуежайынан Ясуджге қарай бет алып, Самирамның таулы Дена аймағында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақтың ішіндегі 66 адам қаза болды.