Зымырандық қорғаныс қабілеті – Иранның «қызыл сызығы»
https://parstoday.ir/kz/news/iran-i37508-Зымырандық_қорғаныс_қабілеті_Иранның_қызыл_сызығы
Зымырандық қорғаныс қабілеті – Иранның «қызыл сызығы». Бұған қатысты еуропалықтармен ешқандай келіссөз жүргізілмейді.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Маусым 03, 2018 12:28 Asia/Almaty
  • Зымырандық қорғаныс қабілеті – Иранның «қызыл сызығы»

Зымырандық қорғаныс қабілеті – Иранның «қызыл сызығы». Бұған қатысты еуропалықтармен ешқандай келіссөз жүргізілмейді.

Ислам революциясы Сақшылар корпусының ақпарат өкілі бригада генералы Рамазан Шариф сенбі күні Ливанның Al-Mayadeen телеарнасына берген сұхбатында осы туралы: "Иранның қорғаныс құралдары өз одақтастарын қолдау үшін де қолданылатын болады. ИИР ешқашан бұл қаруларды күшейтіп, нақтылығы мен жылдамдығын арттыруды тоқтатпайды",-деді.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 8 мамырда осы елдің "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққаны жарияланғаннан кейін сөйлеген сөзінде негізсіз айыптауларды қайталап, Иранға қарсы ең ауыр санкциялар салынатыны туралы қоқан-лоққы жасап, 12 шарт, соның ішінде баллистикалық зымырандарды жасау және сынауды тоқтату мен Иранның аймаққа ықпал етуіне кедергі жасау шартын қойды.

АҚШ-тың бұл шарттары көптеген сарапшылар, тіпті америкалық және еуропалық қайраткерлер тарапынан "қисынсыз» деп сипатталды.

Ұлттық мүдделер орталығында АҚШ-тың қорғаныс жағдайын зерттеу бөлімінің басшысы Гарри Дж. Казианис: "Шындық мынада: Вашингтонның ядролық келісімді бұзуы Иранның осы келісімге беріктігіне қатысты емес. Республикашылдар мұны қабылдап, мойындауы керек",-деді.

ИИР өзінің зымырандары мен қорғаныс құрал-жабдықтарының жергілікті сипатта және дұшпандардың ықтималды шабуылдарын тежеу үшін жасалғанын, дұшпандардың зымырандық қорғаныс қуатынан кері шегінтуге бағытталған қысымына Иранның ешқашан мойынсұнбайтынын, керісінше осы тежегіш қуатты нығайтатынын сан рет айтты.

Әскери-қорғаныс саласында зерттеулермен айналысатын Францияның стратегиялық зерттеулер орталығы бір есебінде Ислам революциясының Сақшылар корпусы зымыранының 2017 жылдың 18 маусымында Сирияның шығысындағы Дейр оз-Зор облысында орналасқан лаңкестердің позицияларына жасындай ауыр шабуыл жасағанына тоқталып: "Сақшылар корпусы нақтылығы жоғары бір қарумен тактикалық қалыпта дұшпанның позициясын нысанаға алу қабілетіне ие болды",-деді.

Бұл есепте шын мәнінде Иранның зымырандық қуаты мойындалды.  АҚШ пен Батыс елдері Ираннан үркіту саясаты аясында бұл елдің қорғаныс қабілетін төмендетіп, Иранмен зымырандық қуат жайлы келіссөздер өткізуді мақсат тұтады.

Ислам революциясының жетекшісі 23 мамырда "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы мен АҚШ-тың одан шығуы жайлы жасаған баяндамасында бірнеше негізгі шартты, соның ішінде екі маңызды салаға тиіспеуді, яғни зымырандық бағдарлама мен Иранның аймақтық құзырын талқыламауды Иранның еуропалықтармен "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын жалғастырудың шарттары деп атады.

ИИР-ның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс саясатын үстемшіл күштер мен бөгделердің ерік-жігерінен тыс жобалап, орындайтыны және бұл салаға жан баласының араласуына жол бермейтіні күмәнсіз. Зымырандық қабілеттің ИИР-ның ұлттық қауіпсіздігі  көрсеткіштерінің бірі екені айқын. Осы тұрақты принцип негізінде Иран өзінің қорғаныс қуатын сақтау үшін ешбір елден рұқсат сұрамайды және өзінің қауіпсіздігі туралы бөгделермен келіссөз жүргізбейді.

Осыған қатысты Иранға қандай да бір айып тағу АҚШ-тың Иранмен терең жауластығынан, Иранның әртүрлі салаларда қарым-қабілетінің артып, аймақ елдерінің Ираннан үлгі алып жатқанына қатысты ашу-ызадан туындап отыр.

Ислам революциясының 40 жылдық тәжірибесі Иран халқының ешуақытта қоқан-лоққылардан қорықпайтынын көрсетті.