Теһранда қазақ-парсы әдеби және ғылыми байланыстары жайлы сұхбат өтті
Аудармашы, парсы әдебиетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Қасым ИИР-ның астанасы Теһранға жасаған жуырдағы сапарында Шәһид Беһешти атындағы университеттің парсы әдебиеті пәнінің ұстаздары доктор Ахмад Хатами мен доктор Амир Ченаримен кездесіп, аударма мәселелері мен қазақ-парсы әдеби және ғылыми байланыстары жайлы сұхбаттасты.
Шәһид Беһешти атындағы университеттің Әдебиет және гуманитарлық ғылымдар факультетінде әл-Фараби атындағы кабинетті жабдықтап, жұмысын белсенді ету туралы сөз қозғалып, бірінші қадамда қазақ тілін факультатив ретінде оқытуды бастау қажеттігі баса айтылды. А.Қасым қазақ тілінен сабақ беруге Теһранда қызмет етіп жатқан бірнеше маманды таныстырды. Олардың ішінде парсы тілінің аудармашысы, филолог Гауһар Омарханова да бар.
А.Қасым имам Әли ибн Әби Талебтің құтбалары мен хаттары және нақыл сөздерінен тұратын «Наһдж ул-Балағе» шығармасының доктор Ахмад Хатами дайындаған «Имам Әлидің көзқарасы бойынша басқару» және «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» деген еңбектерін қазақ тіліне аударған. Доктор Хатамидің «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» оқулығын Қазақстанның жоғары оқу орындарының парсы бөлімінің студенттері, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттері пайдалануда.
Кездесу барысында доктор Хатамиге қазақтың белгілі жазушысы Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» хикая-монологының Самира Исмаили парсы тіліне аударған шығармасы тарту етілді.