Доғарун шекарасы арқылы Ауғанстанға тауар экспортының көлемі 50 пайызға артты
Иранның солтүстік-шығысындағы Доғарун арнайы экономикалық аймағының атқарушы директоры Хосейн Ағаи 2018 жылдың наурыз айынан желтоқсан айына дейін бұл аймақтан Ауғанстанға тауар экспортының 2017 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда салмақ тұрғысынан 50 пайызға, долларға шаққандағы құны тұрғысынан 180 пайызға артқанын мәлімдеді.
Хосейн Ағаи ISNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Доғарун шекаралық аймағы Иран мен Ауғанстанның түйісетін жерінде орналасқандықтан осы екі ел мен Шығыс Азия елдерінің басты экономикалық орталықтарының бірі саналады.
Ауғанстанның Герат қаласы да Доғарун арнайы экономикалық аймағымен жапсарлас орналасуына байланысты өндіріс, сауда мен қызмет үшін қауіпсіз жағдай жасады»,-деді.
Ағаидың айтуынша, металл өнімдері, құрылыс материалдары, битум, отын, азық-түлік пен MDF – Доғарун арнайы экономикалық аймағынан Ауғанстанға экспортталатын ең маңызды тауарлар.
Иран 2017 жылы құны 1 млрд 510 млн доллар тұратын 1 877 545 тонна түрлі тауарды Доғарун шекаралық кеденінен Ауғанстанға өткізді.