«Нұр» жерсерігі Иранның ғарыштағы бейбіт мүддесін қамтамасыз етеді
«Ғасед» жерсерік тасығышының көмегімен «Нұр-1» жерсерігінің ғарышқа сәтті ұшырылып, орбитада орналасуы АҚШ пен кейбір еуропалық елдердің саяси реакциясын тудырды.
Бұл ғылыми жетістік – ирандық ғалымдардың жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі. Олар жергілікті білімге сүйеніп, ғылыми шыңдарды бағындыруда ешқандай шек пен шекараның жоқ екенін көрсетті. Ғылымның барлық саласында жетістікке жету – ИИР-ның абырой-айбынын арттыруға қажет алғышарт.
Иранның зымырандық әлеуеті – күш қалыптастыратын маңызды салалардың бірі. Иранның әлеуетін арттыруға көмектесетін басқа да стратегиялық салаларды дамыту үшін осы күшті пайдалану заңды әрі қисынды.
Ғарышта болу, әртүрлі салаларға қатысты байланысу және анықтау операцияларына стратегиялық қолдау білдіру бәрінен бұрын әуе-ғарыш өнеркәсібін дамыту қажеттігін көрсетті.
Осы орайда Ислам революциясы Сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Әли Джафарабади бейсенбі күні: ««Нұр-1» жерсерігі Иранға байланысу, анықтау және навигациялық жұмыстарға стратегиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді»,-деді.
Алыстан байланыс орнату, анықтау және болашақтағы ауа райы өзгерістері мен климаттық дағдарыстарды болжау, навигация саласында спутниктік басқару және төңіректегі өзгерістерден хабардар болу әуе-ғарыш өнеркәсібін дамытудың маңызын көрсететін бірер үлгі ғана. Бұл істердің кейбіреуін «Нұр-1» жерсерігі атқара алады. Осы жергілікті жерсеріктің басты әрі маңызды миссиясы – ғарыштан Иранның айналасындағы жағдайды бақылап, ақпарат беру.
«Нұр-1» жерсерігінің миссиясын ескере отырып, Иранның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарын бұзғаны туралы мәселе көтеру және осы кеңеске Иранның үстінен шағым түсірудің саяси сипаттан басқа мақсатының жоқтығына көз жеткізуге болады.
Иранның зымырандық мақсаты толығымен қорғаныс және тежегіш сипатта. Бұл зымыран жерсерігін орбитаға шығаруға арналған. Ол әскери мақсатқа жобаланбаған. Иран ядролық оқтұмсықты тасымалдай алатын зымыран жасамайды. Мұның діни және заңдық негізі жоқ. Ислам революциясы жетекшісінің пәтуасына сәйкес, ядролық қару жасау харам. Сондықтан Иранның қорғаныс доктринасында оған орын жоқ.
Мұнымен қоса, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының саяси-құқықтық негізі саналатын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарары Иранға бейбіт зымырандық бағдарламамен айналысуға тыйым салмайды.
Барлық өнеркәсіп салаларында, соның ішінде әуе-ғарыш саласында ғылыми жетістіктерге жету – Иранның заңды құқығы. Дау-дамай, қысым, санкция мен қоқан-лоққы Иранның әуе-ғарыш саласындағы даму жолына кедергі бола алмайды. Өйткені «Нұр-1» жерсерігі бейбіт мақсатта және Иранның қорғаныс саясаты аясында орбитаға шығарылды.