Иран Мәжілісінде он үшінші үкіметке ұсынылған министрлерді қарастыру басталды
(last modified Sat, 14 Aug 2021 16:16:38 GMT )
Там 14, 2021 22:16 Asia/Almaty
  • Иран Мәжілісінде он үшінші үкіметке ұсынылған министрлерді қарастыру басталды

Иран президентінің он үшінші Министрлер кабинетіне ұсынған министрлер тізімінің Мәжіліске ресми түрде тапсырылғаны жарияланғаннан кейін сенбі күні таңертең Мәжілісте үміткерлерді қарастыру басталды.

Революциялық күштер фракциясы басшысының орынбасары сейіт Мұхаммед Реза Миртаджеддинидің айтуынша, ұсынылған министрлер тиісті комиссияларға барып, өз бағдарламаларын қорғайды. Талқылау аяқталғаннан кейін ашық жиналыста заңды жоспар мен кесте бойынша кабинет мүшелеріне дауыс беру басталады. 

Он үшінші үкіметке президенттің əріптестерін таңдау оның алдында тұрған басымдықтар мен түйткілдер негізінде жасалуы тиіс екені айқын. Он үшінші үкіметтің атқаратын алғашқы қадамы коронавирустың жаппай таралуынан туындаған жағдайға байланысты мəселелер, соның ішінде тиісті медициналық қызметпен қамтамасыз ету жəне экономикалық-тұрмыстық мəселелерді шешу болады деп күтілуде. Бүгінде бұл тақырып президенттің жұмыс бағдарламасында басты басымдыққа айналып отыр. 

Мәжілістегі Теһран халқының өкілі Əли Хазариан экономика мен тұрмысты жақсартуды елдің басты басымдығы деп атап: "Аятолла Раиси экономикалық жағдайды реттеу, əлеуеттерді арттыру, ішкі өндірісті қолдауды күн тәртібіне қойып отыр. Мықты үкіметтің ұрандары өмірде орындалуы үшін əрекет етуге бағытталған бағдарлама міндетті түрде жасалады",-деді. 

Ислам Кеңесі Мәжілісінің 90 принцип комиссиясының ақпарат өкілі осы органның өндіріссіз экономиканы өндіруші экономикаға айналдыру үшін он үшінші үкіметке қолдау білдіретінін айтып: "Бұл əріптестік үкіметтің негізгі жобаларын бекітуде де, Мәжілістің бақылау көлемін арттыруда да қалыптасады. Сонда елдің басқа мекемелерімен əріптесе отырып, өндірісті реттеуге жол ашылады",-деді. 

Қазіргі жағдайда экономика мен тұрмысты жақсарту - болашақ үкіметтің басты басымдығы. Он үшінші үкімет тез арада экономикалық қиындықтар мен түйткілдердің түйінін шешуі керек. Бұған қарамастан, маңызды нәрсе мынау: болашақ үкімет экономикалық қиындықтардың туу себептеріне қатысты дұрыс та қисынды сараптамаға ие болуы керек. Болмаса, шығу себебі дұрыс түсінілмеген мəселелерді шешуге көп уақыт, қаражат пен энергия кететін болады. Басқа жайт: ел қолындағы əлеуеттерге қатысты дұрыс бағалауға ие болуы тиіс. 

Өткен бірнеше күнде Ибраһим Раиси басқа елдер басшыларымен кездесулер мен сұхбаттарында он үшінші үкіметтің басты басымдықтарын баяндады. 

Он үшінші үкіметтің бағдарламасында шұғыл мəселелермен қоса, екі тақырып - сыртқы саясат пен əсіресе көршілес елдермен сауда стратегиялары бар. 

Халықаралық қатынастар ұстазы Реза Симбордің пікірінше, бір сəтті сыртқы саясат айналасына жан-жақты əрі қырағы қараудан туындайды.  Нақтырақ айтқанда əр елдің географиясы, экономикалық және мәдени құрылымына қарай тиісті сыртқы саясат белгіленіп,  орындалады.

Иран президенті сайлауалды ұрандары кезінде де, Пастурға ресми түрде келгеннен кейін де үкіметтің сыртқы саясатының басты басымдығы ретінде көршілес елдермен экономикалық қарым-қатынасты кеңейту деп атады. 

Саяси байланыстарды кеңейту негізі экономикалық қарым-қатынасты дамытуда жатыр. Жоғары сауда байланысына ие болмаса, саяси қарым-қатынас шетке ысырылады.  Сауда - ел экономикасының дамығанын сипаттауда қолданылатын көрсеткіш. Өйткені тауар импорттау арқылы əр ел өзінің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етеді. Өндіріс өнімдерін халықаралық нарықтарға экспорттау арқылы өз орнын табады. Бұл өз кезегінде экономиканың жақсаруына себеп болады. 

Иран 15 елмен көршілесіп жатыр. Қазіргі əлеуеттерімен экспорттық көлемді 25 млрд доллардан 100 млрд долларға жеткізе алады. Болашақ үкімет осы əлеуеттерді ең тиімді жолмен қолдануы керек. 

Тегтер