«Мәңгі тұлғалар» штабының хатшысымен сұхбат
(last modified Mon, 22 Nov 2021 07:03:00 GMT )
Қар 22, 2021 13:03 Asia/Almaty
  • «Мәңгі тұлғалар» штабының хатшысымен сұхбат

Иранның Теһран қаласында орналасқан «Мәңгі тұлғалар» штабының хатшысы Pars Today Kazakh ақпарат сайтының тілшісіне сұхбат берді.

Тілші: Өзіңіз бен штабты таныстырып өтіңізші

Мен, доктор Махмуд Асади коммуникация және менеджмент пәнінің ұстазымын. «Мәңгі тұлғалар» штабының жобалаушысы әрі хатшысымын. Бұл штаб бірнеше ірі мекемеден тұрады. Иранда 4 академия бар: Ғылым академиясы, Медицина ғылымы академиясы, Парсы тілі мен әдебиеті академиясы және Өнер академиясы. Осы төрт академияның басшылары біздің штаб кеңесіне кіреді. Мұнымен қоса, Теһран университеті мен «Санат-е шариф» политехникалық университеттің ректорлары, Мәдени туындылар мен мақтаныштар ассоциациясы, Хикмет пен философия ассоциациясы мен Ұлттық ақпарат құралының басшылары да штаб кеңесіне кіреді. Бұл жер –штабтың кеңсесі. Мен оның хатшысымын. Біздің жұмысымыз – шын мәнінде ирандық мақтаныштарды анықтап, әлемге таныстыру. 20 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеміз. Біз тұлғаларды ғылым, мәдениет пен технология салаларында нақты да айқын ережелерге сәйкес таңдаймыз. 20-ға жуық ереже, қағида мен ерекшелік бар. Тұлғалардың тізімі академиялар, ғылыми ассоциациялар, БАҚ және ұлттық ақпарат құралы тарапынан жіті тексерілгеннен кейін штабқа жіберіледі. Содан кейін басымдық бойынша бөліп, фестивальда кімді таныстыратынымызды айқындаймыз.  Шын мәнінде біз біреуді «мәңгі тұлға», екеншісін емес деп қатты шектегіміз келмейді. Біздің жұмысымыз көбіне Иранның көрнекті тұлғалары мен дарындарын анықтау, ынтыландыру, қолдау және жас ұрпаққа үлгі ету болып табылады. Сондықтан біздің барлық талпыныстарымыз көрнекті адамдарды анықтауға бағытталған. Елдің түкпір-түкпірінде, тіпті ауылдар мен облыстарда үлкен іс атқарған адамдарды табамыз. Осы уақытқа дейін 8 халықаралық фестивальда 240-қа жуық адамды таныстырдық.

"Мәңгі тұлғалар" штабы

Тілші: Мына кітапта өткен замандардан осы күнге дейінгі мәңгі тұлғалар жинақталған ба, әлде тек қазіргі заман тұлғалары ма?

          Біз тек көзі тірі адамдарды таныстырамыз. «Мәңгі тұлғалар» – мен өзім ұсынған сөз тіркесі. Штаб қазіргі заман тұлғаларын бақылайды. Біздің негізгі принципіміз – тұлғаның тірі болуы. Қайтыс болған адамдарды таныстыратын жобалар жетерлік. Көбіне көзі тірі адам ескерілмейді. Қайтыс болғаннан кейін ғана еске алып, ұлықтау рәсімін өткізіп келеді. Бірақ біз бұл сиқырды бұздық. Адамды тірісінде ұлықтаған дұрыс деп айттық. Алайда бұл – қиыншылығы көп іс. Біз ондаған адамдардың ішінен бір адамды таңдаймыз. Оның мықтырақ екенін білсе де, басқалар қуанбауы мүмкін. Бұл – табиғи нәрсе. Сондықтан әрдайым мекемелер қайтыс болған адамдарды ұлықтауға ұмтылады. Өйткені наразылық туындамайды. Ал біздің жұмысымыз қиыншылық тудырса да, өте маңызды, қажетті әрі пайдалы іс. Осыған дейін таңдаған 240 адамнан кейінгі жылдарда 80 адам қайтыс болды. Қуаныштысы, біз оларды көзі тірісінде ескеріп марапаттадық. Қазір «Беһешт-е Заһра» зиратына барсаңыз, құлпыстарда «Мәңгі тұлға» деп жазылған. Бірте-бірте бұл әлемдік брендке айналды. Халықаралық бөлімде де біз бірқатар іс атқардық. Біз әрдайым парсы тілі мен әдебиеті, ислам мен Иранға көңіл аударған шетелдіктер арасында үш сала – исламтану, ирантану және парсы тілі мен әдебиеті бойынша маманданған бір шетелдік адамды әрбір фестивальда таныстырамыз. Енді, бұйырса, Қазақстанға да жетеміз. Мысалы, Тәжікстан мен Әзірбайжаннан тұлғаларды таныстырдық. Германия, Ресей мен Қытайдан да таныстырылған тұлғалар болды. Бұйырса, келесі фестивальдарда Қазақстаннан да тұлғаларды таныстырамыз. Сондықтан қандай адамдар барын білу үшін байланысымыз артуы керек. Бұл істі, бұйырса, атқарамыз.

Шетелде тұратын ирандықтар бөлімінде де біз көрнекті тұлғаларды таңдаймыз. Мұнымен қоса, діни азшылықтарға да көңіл бөлеміз. Яғни біз таңдаған адамдар арасында армян немесе хритиан, зороастр да болды. Біз үшін міндетті түрде мұсылман болсын деген шектеу жоқ. Тек Иранға көмектескен көрнекті адамдарға көңіл аударамыз. Қуанышымызға орай, мазмұны тұрғысынан жақсы бағдарлама жасағандықтан, бұл барлық жерде жақсы қарсы алынды. Яғни фракциядан тыс сипат алды. Тек бір фракцияның қолына түскен жоқ. Егер өзіңіз зерттеп қарасаңыз, елдегі барлық дерлік  фракциялардың растауы мен қолдауына ие болды. Өйткені бұл – пайдалы іс. Ұстаздар, ғалымдар, дарындар және басқа да адамдарға көңіл аударылады. 

Тілші: Демек мәңгі тұлға университет ұстаздары мен түрлі сала ғалымдары арасынан таңдала ма?

          Иә, медицина, техника, инженерия, гуманитарлық ғылым, өнер және университеттегі барлық сала бойынша тұлғалар таңдалады. Әрине дипломы жоқ ұстаздарды да ұлықтаймыз. Мысалы, бір ұстаз өте үлкен іс атқарған, бірақ университетке бармаған немесе докторлық диссертация қорғамаған. Оларды да осы бөлімде таныстырамыз.

Тілші: Яғни бір жылда бір фестиваль өткізесіздер ме?

          Иә, жыл сайын. Әрине коронавирус пен басқа да мәселелерге байланысты фестиваль өткізу тоқтап қалды. Бұйырса, жуырда қайта кірісеміз. Біз «Саадабад» тарихи кешенінде «Мәңгі тұлғалар» атты мұражай мен мәдениет үйін аштық. Онда көрнекті тұлғалардың еңбектері жұрт назарына ұсынылған. Қазір коронавирусқа байланысты тоқтатылған. Бірақ ол да жуырда қайта ашылады, бұйырса. 

"Мәңгі тұлғалар" фестивалі

Тілші: Мұражайдың ғимараты өздеріңізге тиесілі ме?

          Иә. Иранның Мәдени мұра министрлігінің көмегімен мұражай қайта іске қосылады. Мұражайдың мақсаты – көрнекті тұлғалардың басын қосып, келелі әңгіме өрбіту, жиналыс өткізу. Біз онда деректі бағдарламалар көп өткіздік. Поэзия кештері, дастан жырлау кештері, мәдени кештер. Тіпті көршілес елдермен  ортақ бағдарламалар өткіземіз. Мысалы, Иран мен Қазақстан, Иран мен Оман, Иран мен Тәжікстан арасында. Біз осы күнге дейін Қазақстанмен жүйелі түрде байланыста болмадық. Бүгінгі сұхбатымыз қазақтармен барыс-келіс жасауға мүмкіндік берер деп үміттемін. Біздің дарындар барып, олардың ұстаздары келетін болады. Бірлесе көрме өткізерміз. Мәдени отырыстар ұйымдастырармыз. Біз мұндай шаралар атқарғанға қуанамыз. Біз ұстаздардың келіп-кетуіне жәрдемші болармыз.

Басқа жағынан бізде түрлі баспа беттері бар. Мынау – «Мәңгілік тұлғалар» журналы. Журналдың бас редакторы өзіммін. Екі айда бір рет басылып шығады. Мысалы, мына кісі – доктор Довари (Журналды парақтады). Ол Ғылым академиясының басшысы. Философия саласындағы мәңгі тұлға. 80-нен асты. Бұл кісімен кең түрде сұхбаттастық. Ол кісі философия мен хикметке қатысты түрлі мәселелерді қозғады. Мына жерде біз бір жапондық музыкантты таныстырдық . Ол жапон музыкасы туралы айтып берді. Ал мына жерде Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласынан бір ұстазды таныстырдық.

Тілші: Журналда Иранға қатысы бар адамдар таныстырыла ма?

          Жоқ, мәдениетке қатысы болса, жеткілікті. Журнал – халықаралық басылым. Әрине біздің басты басымдығымыз – Иранмен байланыс. Мысалы, қараңыз ұстаз Дадбеһ – әдебиет саласында мәңгі тұлға. Ол грек білімі мен ақылы жайлы сөйледі. Мына кісі – доктор Динани. Білетін шығарсыз... Журнал қаржылай демеушілердің көмегімен тәуелсіз түрде басылып шығады. Біз көршілес елдермен байланысты нығайтуды қалаймыз. Қазақстан жайлы ақпаратымыз көп емес.

Мәңгі тұлға

 

Бірқатар еңбегім бар. Теһран университетінің ұстазы болғандықтан, ақпарат құралдарын басқару саласында кітап жаздым. Бірқатар әңгімелер жинағым бар. Бірнешеуі экрандалды. 7-8 ғылыми кітабым бар. Ұлылар туралы 40-қа жуық кітап жаздым. Осы 30 жылда шын мәнінде көрнекті тұлғалар жайлы жазуға көп күш жұмсадым. Жеке қызығушылығым бар. Бұдан бұрын «Кейһан-е фарһанги» (Мәдениет әлемі) журналының бас редакторы болдым. Онда 10 жыл қызмет еттім. Мысалы, ресейлік ғалым Османов Құранды орыс тіліне аударып, түсініктеме жазды. Сіз шейх Халифе Атай деген кісіні танисыз ба?

Тілші: Иә, халифе Алтай Құранды аударған.

Ол да ұстаз Мұхаммед Османов сынды Құранды қазақ тіліне аударған. Сіздерде Абай Құнанбаев деген кісі бар ма еді?

Тілші: Абай Құнанбай – қазақтың бас ақыны.

          Иә, біз тек осы кісілерді танимыз. Егер басқа адамдарды бізге таныстырсаңыз, пікір алмасар едік. Егер Иран мен Қазақстан сияқты елдердің дарындары арасында байланыс орната алсақ, жақсы болар еді.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет! Иран мен Қазақстанның көрнекті тұлғалары арасында жақын болашақта байланыс орнайды деп үміттенемін.

 

Әңгімелескен

Гаухар Омарханова