Иран мен Әзірбайжан республикасы арасында экономикалық қарым-қатынастың жаңа тарауы басталды
ИИР Сыртқы істер министрі Әзірбайжан республикасы Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев бастаған экономикалық делегациямен кездесуінде қос елдің сауда, тасымал, энергетика және туризм салаларындағы экономикалық әлеуеттерін қолдану қажеттігін қуаттады.
Хұсейн Амир Абдуллахиан осы кездесуде ИИР-ның елдердің аумақтық тұтастығын сақтау туралы тұрақты ұстанымына тоқталып, аймақта халықаралық шекаралардың өзгермейтінін баса айтты.
Шахин Мұстафаев та осы кездесуде ИИР Мұнай мен Жол және қала құрылысы министрлерімен сындарлы кездесулеріне ризалық білдіріп, екі елдің мұнай, газ және тасымал салаларында тарихи келісімдерге келуге жақын қалғанын хабарлады.
Иран әрдайым көршілес елдермен қарым-қатынасты кеңейтуді қалайды. Әзірбайжан республикасының Сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, Баку үкіметі көршілес елдермен, соның ішінде Иранмен әріптестік жасауды қалайды.
Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов: "Әзірбайжанның сыртқы саясатындағы басты басымдық – көршілес елдермен, соның ішінде Иранмен қарым-қатынасты сақтау және дамыту. Екіжақты ынтымақтастыққа әлеуеттердің молдығы және бұрынғы қарым-қатынастың оңды болғанын ескеріп, болашақта екі ел байланысының дамуына куә боламыз деп үміттенеміз",-деді.
Иран мен Әзірбайжанның қарым-қатынасында мәдени, діни және тарихи қырлармен қоса, экономикалық тұрғыдан да әріптестікке тиімді әлеуеттер бар. Осыған дейін екі елдің сауда қатынасын жеңілдету үшін бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Соның ішінде сауда келісімі, өзара инвестицияны қолдау және ынталандыру келісімі, теңіз саудасы туралы келісім, кеден келісімі, тасымал келісімі және консулдық келісімді атауға болады.
Қазіргі таңда Иран мен Әзірбайжанның жұмыс топтары бір сауда құжатын дайындап жатыр. Ол екі елдің экономикалық қарым-қатынасын дамытуға бағытталған жол картасы бола алады. Иран мен Әзірбайжан энергетика мен электр қуаты саласында да ортақ жобаларды орындауда. Көлік бөлшектерін шығару саласында техникалық әріптестік жасау тақырыбы да күн тәртібіне қойылған.
Солтүстік-Оңтүстік дәлізі – екі ел толық орындалуын қалайтын маңызды жобалардың бірі. Бұл дәліз – 7200 шақырымға созылып жатқан, теңіз, тас және темір жолдан тұратын аралас тасымал желісі. Ол ең қысқа жолмен Үнді мұхитын Парсы шығанағы арқылы Каспий теңізіне, содан соң Әзірбайжан республикасы, Ресей мен Солтүстік Еуропаға жалғайды.
Иранның Жол және қала құрылысы министрі Рустам Қасеми: "Екі елдің сауданы дамытуға деген ниетін, Иранның әлеуеттері мен Әзірбайжанның байланыс жолдарын ескеріп, екі елдің сауда қарым-қатынасы деңгейін арттыруға болады. Осыған қатысты ерік-жігер екі елдің жоғары басшыларында бар",-деді.