Иран Адам құқығы кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізу туралы ескертті
ИИР Сыртқы істер министрі бейсенбі күні кешке БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлесуінде Адам құқығы кеңесінің Иранға қатысты арнайы отырысын өткізу талпыныстарын қабылдауға болмайтын жәйт деп тауып, осы кеңестің саяси әрекетінің Иранның Батыспен ынтымақтастығына кері әсерлері туралы ескертті.
Амир Абдуллахиан бұл телефон сұхбатында кейбір Батыс үкіметтерінің екіжүзді әрекетін сынап, олардың Иранға қатысты Адам құқығы кеңесінің арнайы отырысын өткізу әрекетін сәтсіз әрекет деп атап: «Адам құқығы кеңесінің отырысын адам құқықтарының нағыз қорғаушысы және соңғы тәртіпсіздіктерде қатты ұстамдылық танытқан Иран Ислам Республикасы үшін емес, зорлық-зомбылық пен террорды насихаттайтын үкіметтер үшін өткізу керек»,- деді. Иран Сыртқы істер министрі кейбір елдердің конструктивті емес ұстанымдары мен әрекеттерін қатаң сынға алды. Ол: «БҰҰ-ның Жарғысына қайшы, бірнеше Батыс үкіметтері Ирандағы бейбіт талаптарды теріс пайдаланып, зорлық-зомбылықты ынталандыруға және киберкеңістік пен бұқаралық ақпарат құралдарында қару-жарақ пен Молотов коктейльін жасауды үйретуге тырысты, нәтижесінде полиция қызметкерлері өлтірілді және Иранда тәртіпсіздік орнады. Олар тіпті ДАИШ лаңкестік әрекетіне негіз дайындады»,- деп мәлімдеді.
Амир Абдуллахиан бұдан бұрын БҰҰ Бас хатшысына жолдаған хатында Қауіпсіздік кеңесінің Шираздағы лаңкестік әрекетке реакция білдірмегенін сынап: «Кеңестің кейбір тұрақты мүшелерінің реакция жасамауы олардың әлі де лаңкестерді жақсы және жаман деп екіге бөлетінін көрсетті»,- деп жазды.