Хойда болған жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 580 адамға жетті
Батыс Әзірбайжан облысының әкімі Хойда болған жер сілкінісінен зардап шеккендер санының 580 адамға жеткенін хабарлады.
Батыс Әзірбайжан облысының солтүстігіндегі Хой ауданында сенбі күні сағат 21:44-те 5,9 баллдық жер сілкінісі болды.
Iran Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мұхаммед Садық Мұтамедиан жексенбі күні таңертең жер сілкінісінен зардап шеккендер санын 580 адам деп хабарлап: "Олардың ішінде 16 адам емделу үшін Салмасқа жіберілді. 6 адамға ота жасалды және 20 адам жарақаттарының ауырлығына байланысты ауруханаға жатқызылды. Жараланғандардың көбі амбулаторлық көмек алып, емханадан шығарылды",-деді.
Бұдан бұрын Иранның Жедел жәрдем ұйымының баспасөз хатшысы Халеди Хой ауданында 2 адам көз жұмғанын хабарлаған болатын.
Мұтамедиан жер сілкінісінен 70-ке жуық ауыл зардап шеккенін айтып: "Жер сілкінісі ошағынан 30 км радиуста ықтималды шығын көлемін анықтау үшін бағалаушылар жіберілді",-деді.