Шәһид Авини – танылуы тиіс ирандық ойшыл
Сейіт Мұртаза Авини – ирандық деректі фильм түсіруші, фотограф, журналист, жазушы, ислам кинематографиясының теоретигі. Осы мақалада оның өмірі мен ойларына шолу жасаймыз.
Сейіт Мұртаза Авини х.ш.ж.с.б. 1326 жылы шәһривар айында Иранның Рей қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Теһран университетінің өнер факультетінің архитектура бөліміне студент болып қабылданды.
Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін сәулет өнерін тастап, революцияның қажетіне сай фильм түсіруге кірісті. Ол өзінің медиа саласындағы белсендігін х.ш.ж.с.б. 1362 жылдың аяғында, Ирактың Иранға қарсы соғысына қатысуымен бір мезгілде соғыс жайлы деректі фильмдер түсірумен бастады.
Ол бұл кезеңде бірыңғай жаһандық кинематография, өнер, мәдениет және олардың түрлі мәселелерге қатынасы туралы ойланған. Авинидің зерттеулері мен жазбалары "Суре" өнер журналында жарияланған. Кейіннен "Сиқырлы айна" атты кітапта топтастырылды. Оның бірінші томында Авинидің кинематографияға қатысты мақалалары мен сын-пікірлері топтастырылған.
Сейіт Мұртаза Авини х.ш.ж.с.б. 1372 жылы 20 фарвардинде Факкада "Жеңіс рауаяты" атты деректі фильм түсіру барысында соғыс кезінен қалған минаға ұшырап қаза тапты.
Ол сыни көзқараспен философия, өнер, кино және т.б. салада танымал шығармалар тудырды. Оның шығармаларының ішінде үш атақты кітап бар:
"Қанның жеңісі" кітабында Ислам пайғамбарының азаттық сүйген әрі әділет талап еткен немересі имам Хұсейннің (ғ.) шәһид болғаны талданады.
"Батыс өркениетінің негіздері мен дамуы" кітабында Батыстың түбегейлі түйткілдері сарапталады.
"Сиқырлы айна" кітабында ақпарат құралдары талданған.
Мұнда біз оның өнер және Батыс туралы 1990 жылға дейінгі кейбір талдауларына шолу жасаймыз.
Шәһид Авинидің ойларындағы өнер
Өнер тілі
Шәһид Авини өнер тілін сипаттауда былай деп жазған:
Өнерпаз – ғайып қазынасының құпия кілтін сақтаушы. Оның тілі – аллегория тілі. Сондықтан өнерпаз адам әлемде трансцендентті ақиқаттардың пайда болу құпиясын және қасиетті материяның пайда болу сапасын білуі керек. Бұл тұжырым міндетті түрде өзін-өзі танумен байланысты емес, керісінше суретшінің жан дүниесі тылсым сырлар мен шындықтардың ашылатын мекеніне айналуы керек.
Өнер, ойлау мен мистика
Шәһид Авини өнердің мистика және ойлаумен қатынасын түсіндіре келіп былай дейді:
"Өнер тақырыбы мен мазмұны жағынан ойлау, даналық және мистикамен бірдей. Олардан тек бейнелену және баяндалу тәсілімен ғана ерекшеленеді. Өнердің негізгі көзі – махаббат пен мистика".
Өнерпаз
Шәһид Авини былай дейді:
"Өнерпаз – шындыққа құмар болумен қатар, оны жеткізу құдіретін Алла тағаладан алған адам".
Батыстың өнері
Ойшыл Авини Батыстағы заманауи өнердің ерекшеліктерін таныстыра келіп, былай дейді:
"Батыс өнері – хаққа ғашық хадис емес, нәпсі хадисі. Батыс өнері – бүгінгі адамның өзімшілдігінің көрінісі". Шәһид Авини басқа жерде былай дейді: "Батыс өркениеті жерден жұмақ іздеуде. Батыстағы өнердің тарихи бағыты осы мақсатта жүргізілді".
Өнер мен міндет
Шәһид Авинидің айтуынша, "Өнерпаз адам біржақтылықтан ада болуы керек. Бірақ сонымен бірге өнер – бұл әлеуметтік міндеттеме. Өйткені адамның тіршілігі толған міндет. Өнер де адамның көрінісі ретінде міндеттен арыла алмайды".
"Өнер адамы дерттің адамы болуы керек, бұл азап өнердің сұлулығы мен тазалығының бастауы ғана емес, сонымен бірге адамгершіліктің критерийі болуы тиіс. Ауырмайтын адам өнерпаз емес, тіпті адам да емес".
Батыс шәһид Авинидің көзқарасы тұрғысынан
Сейіт Мұртаза және батыстану
Шәһид Авини тұлғасының әртүрлі қырларындағы қырағылықтан оның исламдық мәселелер мен ілімдерді толық және лайықты түрде меңгергені байқалады. Әдебиет саласындағы жылдар бойғы ізденіс пен зерттеудің нәтижесінде ол қабілетті қаламгерге айналған. Оның сөз саптасы мен кемел прозасы – соның тамаша дәлелі. Сонымен қатар сейіт Мұртаза мистика мен философияны өте жақсы меңгерген. Ол дүние жүзіндегі философиялық мектептермен толық таныс болған. Авини исламдық көзқарастарды зерттеп, оларды басқа мектептердің көзқарастарымен салыстырған. Батыстану ғылымында оның негіздерін түсіндіре отырып, оның осал тұстарын санамалап, онымен күресу жолдарын, түрлі салалардағы жағымсыз салдарын көрсеткен.
Үстемшілдіктің әлемге таралу факторлары
Шәһид Авини үстемшілдіктің әлемді басқаруына әсер еткен факторларды түсіндіре келіп: "АҚШ-қа әлемге үстемдік етуге көмектесіп отырған үш фактордың бірі – заманауи технология. Оны үстемшілдіктің әлемге таралуының ең іргелі факторы ретінде қарастыру керек. Екінші фактор – адамдардың әлсіз болмысы. Олар әдеттер мен дағдыларға берік және сыртқы көрініске тез алданады. Бұл оларды осы жаһандық біртұтас жүйеге мойынұсынушылардың қатарына қосты. Екінші фактордың астына тіркелетін үшінші фактор – қорқыныш, әсіресе өлімнен қорқу. Әлсіз адамдар көбіне АҚШ-тың құдіретінен қорқады. Ал материалдық тәуелділіктен ада, бойынан қорқынышты жойған имам Хомейни (р.) сияқты адамдар "АҚШ ештеңе істей алмайды" деп ашық айтады",-деді.
Батыстағы азаттық
Шәһид Авини: "Батыста азаттық деп аталатын нәрсе – әдеттер мен тәуелділіктерге бағыныштылықты қабылдау. Бұл тұтқында болумен бірдей. Адам баласы бүгінде азаттықтан қашады. Азаттықтан қашуға "еркіндік" деп ат қойды. Осылайша ар-ожданының сөгіс отына су сепкендей болады",-деген.
"Бұл ұғымды қабылдаудың практикалық нәтижесі мынау: адам өзінің нәпсі қалауларынан басқа ештеңеге бағынбайды. Бұл әрекетімен ол өз болмысын хайуандық шеңбермен шектейтінін білмейді".
Батыс өркениетіндегі ақлақ
Шәһид Авини Батыс әлеміндегі ақлақтың жағдайы туралы: "Жаңа әлемдегі этика технологиялық білім беру жүйесіне бағынады. Ол адамдарды даралықтан айырып, бір жаһандық жүйеге қызмет етуі үшін бірдей ғып тәрбиелейді",-деп жазған.
Батыстық демократия
Шәһид Авини демократия мен оның ақиқатына тоқталып: "Батыс өркениетінің болмысында болған және қазір айқынырақ көрініп отырған қайшылықтардың бірі – демократия. Демократия дегеніміз – халық билігі. Бірақ іс жүзінде, тіпті демократиялық басқарудың ең жақсы үлгілерінде де халық құқығы байлар жасырынған маска болып табылады. Халық билігін білдіретін демократия идеясы өте еліктіргіш әрі тартымды. Бірақ іс жүзінде ұдайы бір топ адам екіжүзділікпен адамдарды алдау арқылы билікті қолына алады... Батыс демократиялары тоталитарлық жүйенің ең күрделі және жетілдірілген түрі болып табылады. Және осы себепті олардың әлеуметтік және саяси институттарының артында тоталитаризм жасырынған. Сондықтан олардың сыртқы түрі олардың өмір салтының шындығын көрсетпейді",-деді.
Батыстық даму
Шәһид Авинидің айтуынша, "Батыстағы дамыған қоғам – бұл барлық нәрсе материалдық өзекке байланған және Жер бетінде бар ләззаттардан мүмкіндігінше пайдалануды көздейтін қоғам".
Батыстың үгіт-насихаты
Шәһид Авини Батыста үгіт-насихат жүргізудің тәсілі мен шындығына тоқталып: "Бүгінгі әлемде жарнама пропагандалық сипат алып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейіне түсті. Бірақ уағыздаудың илаһи мақсаты – Алланың пайғамбарлары мен әулиелеріне жүктелген міндет. Бұл аудиторияның хабардарлығына және оның адами қалауына негізделген",-деп жазған.
Батыстық үгіт-насихаттың мәнін жақсы сипаттайтын Гитлердің бір сөйлемі бар. Гитлер былай деген: "Адамдарды бірдеңе жасауға итермелегіңіз келсе, олардың негізгі түйсіктерін жарнама нысанасына айналдырыңыздар. Шұлық сатып алу үшін оның жыныстық инстинктерін ынталандырыңыздар. Бұл сөйлем – батыстық насихаттың негізі".
Батыстың жарнамалық құралдарының қолданыс аясы
Шәһид Авини Батыстың жарнамалық құралдарының қолданыс аясына тоқталып: "Батыс үккіметтері үгіт-насихатта өз қиыншылықтарын азайтып көресуге тырысады. Олар бостандық пен демократия деген атпен, бірақ адамдарды ақыл-ойдан, ықтияр мен еркінен айыру арқылы өз билігін тұрақтандыруды жалғастыруға тырысады",-деді.
Батысқа қарсы интеллектуалдық жиһадты болжау
Шәһид Авини Батысқа қарсы күрестердің болашағы жайлы былай деп болжайды:
Болашақта біз бен Батыстың арасында жан-жақты күрес болады. Ислам революциясының жеңісіне он жылдан аса уақыт өткен жоқ, бірақ оның нәтижесі бүкіл әлемде көрініп жатыр. Бұл күрес әскери ғана емес, шын мәнінде біздің арамыздағы мәдени, нтеллектуалдық және философиялық күрестің көрінісі. Әскери күрес – бұл күрестің сыртқы көрінісі ғана, оның ішінде мен "интеллектуалдық жиһад" деп түсіндіретін әлдеқайда үлкен соғыс жүріп жатыр. Батыстың болмысын танып, Батыс өркениетінің белгілері мен құралдарының тарихи тамырын табуымыз үшін осы күресті жалғастыру қажет. Мұны тек философия арқылы анықтауға болады. Өйткені Батыс және оған жатқызылған өркениет философиядан бастау алады.
Батыс өркениетінің құлдырайтыны туралы уәде
Шәһид Авини осы туралы: "Егер ренессанс адамның назарын аспаннан жерге қайтарса, адам рухының өзгерісі адам назарын тағы да аспанға аударады. Батыс өзінің тарихи кезеңін бастан өткерді және қазір ыдырау мен күйреу алдында тұр. Енді адам баласы материалдық дүниеден теріс айналып, мән-мағына әлемі мен аспанға ден қойды. Бұл революция мен тағы бір трансформацияны қажет етеді. Қайта өрлеу дәуірінде болған жағдайға қарама-қайшы оқиға орын алды. Адам қайта түледі. Жаңа дәуір басталды. Жер шары ақырзаманға дейінгі тарихтың соңғы кезеңіне аяқ басты",-деді.
Ислам революциясы мен Батыстың жаһандық жүйесі
Шәһид Авини халықаралық жүйенің шындығы туралы былай деп жазды:
«Әлемге үстемдік етіп отырған жүйе тізгінін Wall Street-тің қолына ұстатқан халықаралық банк жүйесі арқылы әлемдегі барлық экономикалық операцияларды бақылайды. Доллар – барлық валюталардың критерийі. Саяси тұрғыдан алғанда қазіргі халықаралық жүйені АҚШ басқарып отыр. Бұл жүйе адамдарды психикалық және физикалық тартымдылықтармен алдайды".
Шәһид Авини Ислам революциясын таныстыра келіп былай дейді: "Ислам революциясы – ғасырлар бойғы құлдыраудан кейін адамзаттың тарихи қайта тірілуі. Бұл революция – тарихи тәубе. Сондықтан оның мақсаттары ешқашан саяси-экономикалық және әлеуметтік бола алмайды. Бұл – мәдени революция. Ол рационализмге емес, аянға негізделген ойлаудан туындаған".