Имам Хомейнидің 14 саяси көзқарасы
(last modified Wed, 17 Apr 2024 16:31:48 GMT )
Сәу 17, 2024 22:31 Asia/Almaty
  • Имам Хомейнидің 14 саяси көзқарасы

Имам Хомейни (р.) – Иран Ислам республикасының және Батыс Азиядағы қарсыласу қозғалысының негізін қалаушы.

Имам Хомейни (1902-1989) Иран Ислам республикасының негізін қалаушы әрі имам Хаменеиге дейін Ислам революциясының жетекшісі болған. Ол фикһ пен исламдық саяси философияның белгілі бір мезгіл мен мекенге сәйкес қоғамды басқаруға жаңа жобалар ұсына алатынын көрсетті.

Алғашқы Вали-е факиһ пен діни революцияның жетекшісі ретіндегі имам Хомейнидің (р.) революцияшыл ойы Иран қоғамының мәдени, ғылыми, адами, саяси және әскери салалардағы  гүлденуі мен жарқырауында сәтті нәтижелерге қол жеткізіп, отаршылдыққа қарсы, әсіресе Батыс Азияда Ливаннан Йеменге дейін тәуелсіздікті талап етудің белсенді түрін жасай алғаны үшін өте маңызды.

Имам Хомейни (р.) теориялық тұрғыдан Иранның исламдық қозғалысын исламдық басқару теориясын жаңғырту арқылы бастады. Ол патша үкіметін заңсыз деп жариялады. Ол илаһи ілімдерге негізделген үкіметтен басқа кез келген үкіметті қабылдамайтынын айтты.   

Имам Хомейни (р.)

Имам Хомейни (р.) халифат теориясы мен патшалық жүйені ысырып тастап, діни билікті «Ислам республикасының теориясына» дейін көтерді. Бұл имам Хомейнидің (р.) исламдық қозғалысы мен өткен ғасырдағы басқа исламдық қозғалыстар арасындағы түбегейлі айырмашылықтардың бірі болып табылады.

Бір діни үлгінің басшылығымен Иранда патша билігі құлатып, Ислам республикасының құрылуы – исламдық ояну қозғалысының қазіргі дәуірдегі ең маңызды жеңісі.

Имам Хомейни (р.) мен оның достарыныңең маңызды теориялық жеңісі – Ислам республикасының конституциясын бекіту. Алғаш рет ислам қоғамын қазіргі заманның уақыт пен орын талаптарына сай басқару теориясы практикалық түрде жүзеге асырылды. Бұл теория Иран халқы мен Эксперттер кеңесі тарапынан бекітілді.

Ислам Республикасының конституциясы – исламдық ілімдер мен басқару тәжірибесі және Қайта өрлеу дәуірінен бергі адамзаттың ұжымдық даналығының жиынтығы.

Конституцияның мазмұны ислам дініне негізделген, ал оның қалыбы қазіргі замандағы адамзаттың ортақ даналығына негізделген. Осы тұрғыдан конституцияда халықтың шешім қабылдауға қатысуын қамтамасыз ету үшін  билікті бөлу принципі негізге алынып, атқарушы билік, сот билігі, Ислам Кеңесі Мәжілісі, Сақшылар кеңесі, Эксперттер кеңесі, Жүйе мүддесін анықтау алқасы, Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі және қалалық кеңестерді құру қарастырылды.

Имам Хомейни (р.) Шығыс пен Батыс блоктарына бір мезгілде қарсы тұрды. Ол АҚШ пен сионизмнің озбырлығы мен шектен тыс талап етуіне қарсы ислам әлемінде «Ислам үмбетінің қарсыласу майданын» құрды.

Имам Хомейни (р.) бастаған Ислам революциясы ислам үмбеті мен әлемнің саяси-интеллектуалдық теңгерімін өзгертті. Ислам революциясы жеңісінің ықпалымен халықаралық қатынастар мен әлемнің саяси-революциялық ой-пікірінде «Ислам революциясы дискурсының дәуірі», «Саяси ислам» және «Діни басқару» атты жаңа дәуір басталды.

Имам Хомейни (р.) мен имам Хаменеи

Имам Хомейнидің саяси ойларының принциптері

Имам ел ішінде халықты мемлекеттік істердің басшысы деп санайды. Ал ел сыртында отаршылдыққа қарсы тұру және мұсылмандардың интеграциясы имам Хомейнидің саяси философиясының басты мәселесі болып табылады. Халықтың ерік-жігері мен пікірін заң шығару және шешім қабылдау жүйесіне енгізу оның ижтихадындағы маңызды ойлардың бірі болып табылады. Оның ислами ұрандары диктаторлар мен автократтардың ойларына айқын қарама-қайшы келеді.

Имам Хомейнидің саясат пен басқарудың теориялық өлшемдерін көрсететін кейбір сөздері мыналар:

  1. Ислам үкіметінің принциптері

Ислам үкіметінің үш қағидасы: Біріншіден, исламдық билік әділетке  негізделуі керек. Екіншіден, мұсылмандар билеушіге дауыс беріп, өз тағдырын өзі анықтауға ерікті. Үшіншіден, ислам елі шетелдіктердің араласуынан және олардың мұсылмандар тағдырына үстемдігінен тәуелсіз болуы керек.

  1. Республика түрі

Ислам республикасының билігі басқа республикалар сияқты, бірақ оның заңы ислам құқығына негізделген.

Имам Хомейнидің шахтың диктаторлық режиміне қарсы Ислам революциясының жеңісіне дейінгі суреті, Нофль-ле-Шато, Франция

  1. Ислам республикасының міндеттері

Ислам республикасының міндеті – елдің тәуелсіздігі мен ұлтымыздың бостандығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен жезөкшелікпен күресу, заңдарды реттеп, құрастыру.

Ол барлық экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени салаларда ислам стандарттары бойынша қажетті реформаларды жүзеге асырды. Бұл реформалар барша халықтың толық қатысуымен болды. Оның мақсаты – ең алдымен кедейшілікті жойып, жан-жақты зорлық-зомбылыққа ұшыраған халқымыздың басым көпшілігінің тұрмыс жағдайын жақсарту.

  1. Мәжіліс пен заң шығарудың орны

Ұлттық Мәжілістің мағынасы мынада: халық өз өкілдерін емін-еркін тағайындап, ел ісіне қатысты кеңесіп отырады.

  1. Сайлау және қоғамдық ерік

Шах құлағаннан кейін істі қолға алатын топтың ең маңызды негізгі міндеттерінің бірі – еркін сайлауға жағдай жасау. Сайлауда қандай да бір таптың немесе топтың билігі мен ықпалы болмауы керек.

  1. Сыртқы саясаттың принциптері мен негіздері

Ислам мемлекетінің саясаты тәуелсіздікті сақтау, ұлттың, үкіметтің және мемлекеттің бостандығын қамтамасыз ету, толық тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өзара құрметті сақтау болады. Алып державалар мен басқалардың айырмашылығы жоқ.

  1.  Палестина мәселесі және әлемде азаттықты талап етушілер

Иран халқы әрқашан барлық азаттықты талап етушілердің, әсіресе палестиналық бауырлардың басқыншы Израильге қарсы күресін қолдады. Біз әрдайым олардың қозғалысын қолдаймыз. Шамамыз келгенше оларға көмектесуге тырысамыз.

  1. Мұсылмандардың бірлігі

Мұсылмандардың бірлігі мен ислам мемлекеттері туралы ой менің өмірлік бағдарламаларымның басында тұр. Мен ислам мемлекеттері арасындағы қайшылықтарға алаңдаймын. Мен мұсылмандар мен олардың үкіметтері арасындағы алшақтыққа әкелетін оқиғалардан қорқамын.

  1. Езілгендер және әлеуметтік әділеттік

Ислам республикасы құрылған соң сіз бен біздің талпыныстарымыздың арқасында исламдық әділеттікті орнатамыз деп үміттенемін. Баршамыздың жағдайымыз түзеледі, қызметкерлердің мәселелері, жұмысшылардың түйткілдері шешіледі деп үміттенеміз.

Ислам республикасында езілгендер қорғалуы тиіс, олардың рухын нығайтып, жағдайларын түзеу керек.

Имам Хомейни (р.) отбасымен бірге
  1.  Азаттық

Азаттық халықтікі. Заң азаттық береді. Құдай халыққа азаттық берді. Ислам азаттық берді. Конституция халыққа бостандық берді.

  1. Әділеттік

Исламда Құдай әділ, пайғамбары да әділ, бейкүнә имамы да әділ. Қазысы да әділ болғанда ғана беделді.

  1. Адам құқығы

Сөз бостандығы, сайлау бостандығы, баспасөз бостандығы, радио-теледидар бостандығы, жарнама – адамның ең негізгі құқықтары.

Рухани тірек болмаса, адамның өзгеруі мүмкін емес, тіпті адамды түзету, адам құқығын қорғау мүмкін емес.  

  1. Отаршылдықты жою

Ислам мемлекеттері басшылары арасындағы жәһілдік дәуірдегі феодалдық жүйеден қалған және шетелдік күштердің ұлттарды артта қалдыруға талпынысынан туындаған қайшылықтар оларды өз мүдделеріне сай ойлау мүмкіндігінен айырды. Отаршылардың халықтарға, тіпті исламдық жетекшілерге сіңірген үмітсіздік сезімі олардың шешім табу туралы ойлауына кедергі болды. Кәріліктің салқыны мен әлсіздігіне ұшырай қоймаған жастар кез келген жолмен халықтарды оята алады деп үміттенемін.

  1. АҚШ-ты сынау

Жүздеген миллион мұсылманның құқықтарын елемеу, бұзақыларға үстемдік беру, Израильдің жалған режиміне мұсылмандардың құқықтарын бұзуға рұқсат беру, азаттықтан айыру, ортағасырлық мәміле жасау – осының барлығы АҚШ басшыларының тарихында тіркелген қылмыстар.

Имам Хомейни (р.) халықпен бірге

Қорытынды

Имам Хомейни (р.) теория мен практикада қазіргі заман мен орынның қажеттіліктеріне сәйкес ислам қоғамын басқарудың жаңа әдісін ұсынуға тырысты. Осылайша ол көптеген теориялық жаңалықтарды ұсынып, исламдық фиқһ пен саяси философияның қоғамды уақыт пен орынға қарай басқарудың жаңа жоспарларына қабілетті екенін көрсетті.

Исламдық саяси ойдың мәні билікті әділ бөлу және адамдардың өз тағдырын жоспарлауға іс жүзінде қатысуы болып табылады. Халықтың тіршілігін басқару, бостандық пен әділеттік орнату – үкіметтің міндеті.

Дереккөзі:

  1. Сейіт Сүлеймен Сафави. Имам Хомейни (р.) – Ислам республикасының теоретигі әрі идеологы.
  2. Сахифе-е имам. Имам Хомейнидің (р.) туындылар жинағы, баяндамалар, жолдаулар, сұхбаттар, үкімдер, заңды рұқсаттар, хаттар. Имам Хомейнидің (р.) еңбектерін дайындап, басып шығару институты.