Кермандағы Шахзада Махан бағы – шөл даладағы су мен жасыл желек ойыны
Керман облысындағы Шахзада Махан бағы – Иранның ең әдемі және тарихи бақтарының бірі. Ол тектілік пен ирандық өнердің үйлесімін көрсетеді. Су, ағаш пен көздің жауын алатын сәулет үйлесім тапқан бұл бақ шөлдің қақ ортасындағы жұмаққа ұқсайды.
Иранның бай тарихқа ие ең ірі провинциясы Керман облысында 800-ден астам ұлттық мұра тізіміне тіркелген материалдық және материалдық емес туындылар мен әлемдік тіркеуден өткен жеті тарихи ескерткіш бар. Бұл облыстың табиғи және тарихи көрікті жерлерінен басқа, бұл аймақтан ұстаз Бастани Паризи, Хошанг Моради Кермани, ұстаз Ирадж Бастами сияқты көптеген ұлы адамдар, ақындар мен жазушылар және генерал-лейтенант қажы Қасем Сүлеймани сияқты саясат пен қорғаныстың ұлы тұлғалары шыққан. Бам қамалы, Шахзада Махан бағы, Раин қамалы, Лут шөлі, Фатхабад бағы және сондай-ақ қажы Қасем Сүлейманидің туған жері "Қанат Малек Керман" ауылы, оның зираты орналасқан Керман шәһидтері зираты – осының барлығы Керманның тартымды жерлерінің қатарына жатады.
Шахзада Махан бағы немесе Шаздеһ бағы – Иранның тарихи бақтарының бірі. Ол Керман қаласының маңындағы Махан қаласынан 2 км қашықтықта Тигран тауының етегінде орналасқан. Бақ Иранның сатылы бақтарының қатарына жатады. Бұл – ирандық тектілік пен сұлулықтың қосындысы. Су, ағаш пен көздің жауын алатын сәулет үйлесім тапқан бұл бақ шөлдің қақ ортасындағы жұмаққа ұқсайды.
Шахзада Махан бағының тарихы
Бақтың салыну тарихы сол кездегі Керманның билеушісі Мұхаммед Хасанхан сардар Ираваниден басталып, одан кейін шахзада Абдулхамид мырза Насер ад-доуле тұсында жалғасып, оның 11 жылдық билігі кезінде аяқталды. Бақ х.ш.ж.с.б. 1276 жылы салына бастады. Жер сілкінісі салдарынан зиян көрген бақ 1337 жылы бір рет, 1360 жылы екінші рет жөнделіп, ұлттық мұра тізіміне тіркелді. Бұл бақ – ЮНЕСКО-ның жаһандық мұра тізіміне тіркелген 9 ирандық бақтың бірі. Бақ жайлы ақпарат 35 тілге аударылып, ЮНЕСКО-ның туристік картасына енгізілген.
Шахзада Махан бағының жалпы жобасы мынадай: Баққа кірер кезде, әсіресе жоғары сатыларда үйдің маңдайшасы, бақтың сыртқы көрінісі, қиылыс пен таулар көрінеді. Әдемі өсімдіктермен бірге сарқырай аққан су, хауыздар мен сарқырамалар теңдессіз көрініс тудырды.
Шахзада Махан бағының түрлі бөлімдерін таныстыру
Шахзада Махан бағы – теңдессіз көлбеу бақтардың бірі. Бақтың бөлімдері ретінде кіреберіс маңдайша, монша, ғимарат, су желісі және хауызды атауға болады. Бақ биік дуалмен қоршалған. 12 сатыдан тұратын бақтағы сарқырамалар, субұрқақтар, суға толы екі хауызша мен көкке өрлеген ағаштар көздің жауын алады. Ғимараттың артында жеміс ағаштары орналасқан бақша бар. Бақша иелері жеміс ағаштарын пайдаланады. Су – бақтың тіршілік көзі. Баққа кіретін су кең ағын түрінде бақтың негізгі және ортаңғы осіндегі жердің еңісін пайдаланып учаскелер мен жолдарды суарумен қоса, сарқырамалар мен бұлақтар тудырып, бақтың негізгі сапалы элементіне айналды.
Су – Шахзада Махан бағының басты өзегі.
Шахзада Махан бағының географиялық жағдайы
Шахзада Махан бағы Ұлы жібек жолында Керман-Бам бағытында орналасқан. Бұл жер салтанатты бақ салуға қолайлы болып шықты. Сондай-ақ бақ аймақтың маңызды байланыстар жолында орналасқан.