Иранның жауабы кесімді: Бағери өзінің еуропалық және азиялық әріптестерімен кеңесті
(last modified Sun, 11 Aug 2024 18:57:51 GMT )
Там 12, 2024 00:57 Asia/Almaty
  • Иранның жауабы кесімді: Бағери өзінің еуропалық және азиялық әріптестерімен кеңесті

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы өзінің еуропалық және азиялық әріптестерімен телефон арқылы сұхбатында Израиль режимінің ХАМАС саяси кеңсесінің басшысын шәһид еткеніне және Газадағы "Табеин" мектебіне шабуыл жасағанына қатысты лаңкестік әрекеттері туралы сөйлесті.

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әли Бағери Бельгия, Нидерланды, Индонезия Сыртқы істер министрлері және ХАМАС саяси кеңсесі басшысының орынбасарымен жеке-жеке телефон арқылы сөйлесті.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әли Бағери Бельгия Сыртқы істер министрі Хаджа Лахибпен сұхбатында сионистік режимнің Газада он айдан аса уақыт бойы түрлі қылмыс пен геноцид жасап жатқанына тоқталып: "Сионистік режим Газадағы бір мектепті нысанаға алып, осы жерде ғибадат етіп жатқан бейкүнә адамдарды өлтіріп, Бейруттің тұрғын үй ауданына шабуыл жасап, жуырда Теһранда Исмаил Ханияға қастандық жасап, Батыс Азия аймағының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін бұзды",-деді.

Әли Бағери осы телефон арқылы сұхбатта: "Иран өзінің ұлттық қауіпсіздігі, аумақтық тұтастығы, ұлттық егемендігін қорғау үшін БҰҰ жарғысы және халықаралық құқықтар негізінде және халықаралық механизмдер арқылы заңды да кесімді  шара аясында Израиль режимінің агрессиясына жауап береді",-деді.

Бельгия Сыртқы істер министрі Хаджа Лахиб осы сұхбатта Палестина халқының өз тағдырын анықтауға құқығы барын қолдап, сионистік режимнің қалашық салуын айыптап: "Бельгия палестиналық босқындардың құқықтарын қолдайды. Сонымен бір мезгілде әсіре сионистік қалашық тұрғындарына санкция салуды көздеп отырмыз",-деді.

Әли Бағери сондай-ақ Нидерланды Сыртқы істер министрі  Каспер Уолдкамппен телефон арқылы сұхбатында сионистік режимнің Газада бір мектепке шабуыл жасап, баспанасыз бейкүнә ондаған адамды шәһид етіп, жаралағанына тоқталып: "Егер тура осы қылмыс сионистік режим емес, басқа біреудің қолымен жасалса, қазір Батыс елдері адам мен оның құқын қорғау туын көтерген болар еді",-деді.  

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы өз елінің сионистік режимнің қылмысына жауап беру деген табиғи құқығын пайдаланатынына тоқталып: "Нидерланды үкіметі сионистік режимнің қылмыстарын айыптау арқылы Иранның агрессордан өзін қорғауға қатысты заңды да кесімді шарасын қолдауы керек",-деді.

Нидерланды Сыртқы істер министрі  Каспер Уолдкамп Газадағы бір мектепке жасалған шабуылды жантүршіктіретін оқиға деп атап: "Нидерланды атысты тоқтатып, қатыгездіктерді азайтып, Газаға гуманитарлық көмектер жіберілуін қалайды",-деді.

Бағери Индонезия Сыртқы істер министрі Ретну Марсудимен телефон арқылы сұхбаттасып: "Қазіргі таңда Батыс Азия аймағы сионистік режимнің қылмыстары салдарынан дағдарысқа ұшырап отыр. Ислам елдері сионистік режимге қарсы күресуі үшін Палестина халқына гуманитарлық көмек жіберуге жағдай жасауы тиіс",-деді.

Индонезия Сыртқы істер министрі сөзінің жалғасында сионистік режимнің қылмыстары, әсіресе Теһрандағы қастандықтың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіріп отырғанын айтып: "Индонезия Исмаил Ханияға жасалған қастандықты айыптап, оны ИИР-дың ұлттық егемендігін бұзу деп санайды",-деді.

Әли Бағери сондай-ақ ХАМАС саяси кеңсесі басшысының орынбасары Халил әл-Хиямен телефон арқылы сұхбаттасып, сионистердің жаңа қылмысы, яғни Газадағы бір мектепке шабуылы жөнінде ИИР жүргізіп жатқан консультацияларға тоқталып: "ИИР байсалды түрде аймақ елдері мен халықаралық қауымдастыққа сионистердің жаңа қылмысын айыптатуға талпынып жатыр",-деді.

Халил әл-Хия осы сұхбатта сионистік режимнің Газада жазықсыз әйелдер мен балаларды қырып жатқанына тоқталып, халықаралық қауымдастықтан осы қылмыстарды айыптауды сұрап, осыған қатысты Теһранмен консультацияларды жалғастыру керегін баса айтты.

Тегтер