Арақчи БРИКС-те: Израильдің Иранға қарсы агрессиясы заң үстемдігіне соққы болды
(last modified Mon, 07 Jul 2025 10:15:48 GMT )
Шіл 07, 2025 16:15 Asia/Almaty
  • Арақчи БРИКС-те: Израильдің Иранға қарсы агрессиясы заң үстемдігіне соққы болды

ParsToday - ИИР-ның Сыртқы істер министрі Бразилияда өткен БРИКС елдерінің 17-ші саммитінде сионистік режимнің Иранға соңғы агрессиясына тоқталып, бұл әрекетті дипломатия мен халықаралық құқықтың үстемдігіне жойқын соққы деп атады.

ParsToday ақпарат агенттігінің IRNA-ға сілтеме жасап хабарлауынша, Иран президенті Масуд Пезешкианның тапсырмасымен саммитке қатысқан Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи өз сөзінде: «Бүгін Иран халқы Америка Құрама Штаттарының толық қолдауымен сионистік режимнің 12 күндік басқыншылығы кезінде шәһид болғандарға аза тұтуда»,- деп баса айтты.

Иран Сыртқы істер министрі агрессияның егжей-тегжейіне тоқталып: «13 маусымның таңында Израиль біздің елге қарсы лаңкестік және әскери әрекеттерді аяусыз бастады, соның нәтижесінде мыңдаған адам, соның ішінде бейбіт тұрғындар шәһид болып, жарақат алды», -деді.

Арақчи бұл әрекетті Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2-бабының 4-тармағын ашық бұзу деп атап: «Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің бақылауындағы Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық нысандарына жасалған шабуылдар ядролық қаруды таратпау шарты (NPT) мен Қауіпсіздік кеңесінің 2231 қарарын өрескел бұзу болып табылады»,- деді.

Ол Иран халқы мен қарулы күштерінің қаһармандық қарсылығына тоқталып былай деді: «Басқыншылар біздің қатал қарсылығымызбен бетпе-бет келген соң шабуылдарын тоқтатуға мәжбүр болды, бірақ бұл басқыншылық халықаралық тәртіп үшін қауіпті салдарға әкелді».

Иран Сыртқы істер министрі халықаралық қауымдастықты сынауын жалғастырып: «Өкінішке орай, соңғы екі жылда біз халықаралық қауымдастықтың палестиналықтардың геноцидіне қатысты әрекетсіздігіне куә болдық. АҚШ пен кейбір Еуропа елдерінің Израильді қолдауы осы басқыншылықтардың негізгі факторы болып табылады»,- деді.

Арақчи БРИКС мүшелерін «Халықаралық құқық пен көпжақтылықтың қорғаушылары ретінде осы әділетсіздіктерге қарсы тұруға және қылмыскерлерді жауапқа тартуға» шақырды.

Ол Иранның сионистік режимнің соғыс қылмыстарын құжаттауға бел байлағанын қуаттап: «Біз әділет пен өтемақы талап етуді тоқтатпаймыз. Бұл басқыншылық тек Иранға ғана емес, бүкіл халықаралық жүйеге қарсы» деді.

Иран Сыртқы істер министрі сөзінің соңында: «Егер халықаралық қауымдастық осы заң бұзушылықтар алдында үнсіз қалатын болса, халықаралық тәртіп пен заң үстемдігінің толығымен әлсірегеніне куә боламыз»,- деп ескертті.

Бұл сөз Рио-де-Жанейрода ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары мен маңызды әлемдік елдердің өкілдері қатысқан БРИКС саммиті өтіп жатқан кезде айтылды. Иран саммитке бақылаушы мүше ретінде қатысуда.