Алматыда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер дипломаттарының конференциясы басталды
https://parstoday.ir/kz/news/kazakhstan-i39861-Алматыда_Ислам_Ынтымақтастығы_Ұйымына_мүше_елдер_дипломаттарының_конференциясы_басталды
Бүгін, қарашаның он екісі күні Қазақстанның мәдени-рухани астанасы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «ТРАНСҰЛТТЫҚ ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕР, ТЕРРОРИЗМ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің дипломаттарына арналған конференцияның ашылу салтанаты қасиетті Құран қырағатымен басталды.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қар 12, 2018 13:40 Asia/Almaty
  • Алматыда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер дипломаттарының конференциясы басталды

Бүгін, қарашаның он екісі күні Қазақстанның мәдени-рухани астанасы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «ТРАНСҰЛТТЫҚ ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕР, ТЕРРОРИЗМ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің дипломаттарына арналған конференцияның ашылу салтанаты қасиетті Құран қырағатымен басталды.

Кіріспе сөзді Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшылығынан «Бейбітшілік, қауіпсіздік және жанжалдарды реттеу мәселелері» жөніндегі бөлімнің бас маманы Файсал Абро мырза мен осы бөлімнің директоры, елші Асқар Мусинов және Қазақстан республикасындағы Пәкістан елшісі Имтияз Ахмад Кази сөйледі.  

Дипломаттар лаңкестік құбылысын бүгінгі күнгі халықаралық деңгейдегі маңызды түйткілдердің бірі деп атап,  ИЫҰ-ның басты міндеттерінің бірінің әлемдік сұм құбылыспен күрес жолындағы талпыныстарын арттырып, лаңкестіктің тамырларын тауып, залалсыздандыру екендігін баса айтты. Лаңкестіктің ИЫҰ-на мүше елдерге, соның ішінде Ауғанстан, Ирак пен Сомали, Сирия және тағы басқа ислам елдеріне зардап келтіріп жатқанына тоқталды. Дипломаттар ИЫҰ-ның лаңкестік әрекеттің кез келген түрі мен қай елде жасалғанына қарамастан барлығын айыптап, көзін құрту жолында бірлесіп күресу үшін ынтымақтастықтарды арттыруға мүдделік танытты.

Құттықтау сөзді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, профессор Ғалымқайыр Мұтанов мырза мен Қазақстан СІМ-нің атынан Жалпыазиялық Ынтымақтастық Департаментінің Бас Директоры Әлібек Бақаев мырза сөйледі.

ИЫҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі мемлекеттер арасындағы ең үлкен халықаралық ұйым. Ұйымға 57 ел мүше. Ұйым 1969 жылы қыркүйек айының 25 күні Марокко корольдігінің астанасы Рабатта Бейт-ул-Мұқаддасты жаулап алу кезіндегі әл-Ақса мешітін өртеу қылмысына қатысты қабылданған шешім негізінде Ислам Конференцясы Ұйымы деген атаумен құрылды. 2011 жылы Астанада өткен Сыртқы Істер Министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының шешімімен атауын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деп өзгертті. Ұйымның мақсаты – халықаралық бейбітшілікті арттырып, тұрақтандыру рухымен қоғамдық, экономикалық және саяси салалардағы ислам әлемінің мүддесін қорғап, қолдау және кепілдік беру.

Алматыда басталған конференция қарашаның он төртіне дейін жалғасады.