Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде парсы тілінен олимпиада өтті
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттерге берілетін білімнің сапасын арттыру мақсатында көптеген іс шара өткізіліп тұрады. Солардың ішінде студенттер арасында өткізілетін тілдік олимпиаданың алатын орны ерекше.
Тілдік олимпиада – студенттің білім деңгейін тексерудің бұқаралық сипатқа ие жарыс түрінде өткізілетін сынақ. Ол студенттің бойында шетел тіліне қызығушылық тудырумен бірге, олардың білімін бағалаудың әділ жолы болып табылады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінде парсы тілін оқыту жақсы жолға қойылған. Студенттер бұл тілді екінші тіл ретінде оқиды.
Ақпанның он тоғызы күні қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің шетел тілдері кафедрасы мен Қазақстандағы Иран Елшілігі жанындағы Мәдени өкілдігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы ЖОО-да парсы тілін екінші тіл ретінде оқып жатқан студенттер арасында тілдік олимпиада өтті.
Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Ж.К.Қиынова, Иран Ислам Республикасы Елшілігі жанындағы Мәдени өкілдігінің директоры Шейх Масуд Зейнеддин, Астана қаласындағы Иран Елшілігі жанындағы Мәдени өкілдігінің жаңа басшысы Али Кебраизадэ, Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Р.Ө.Озғамбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ парсы тілінің оқытушысы Т.Н.Махмутов және студенттер қатысты.
Тілдік олимпиданың мақсаты – студенттердің сөйлеу шеберлігін арттыру, тілдік материалдарды меңгергенін анықтау, шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Шараның ашылу салтанатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Қиынова Ж.К. сөз сөйлеп, Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстар нығайып келе жатқан жағдайдағы парсы тілінің меңгерудің маңыздылығын қуаттап, университетте парсы тілін оқып жатқан студенттерді қолдап, көмектесіп жатқан Иран Ислам Республикасының Мәдени өкілдігінің басшыларына алғыс айтып, олимпиадаға қатысатын студенттерге сәттілік тіледі.
Шарада сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасы Елшілігі жанындағы мәдени өкілдігінің директоры Шейх Масуд Зейнеддин Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттердің парсы тілін таңдап, меңгеруіне мүмкіндік жасап отырған университет басшыларына алғыс білдіріп, парсы тілінің рөліне қысқаша тоқталып өтті.
Сонымен қатар Астана қаласындағы Иран Елшілігі жанындағы Мәдени өкілдігінің жаңа басшысы Али Кебраизадэ екі елдің мәдени қатынастары тамырының тереңге бойлағанын баса айтып, парсы тілінің ерекшеліктерін тілге тиек етіп, университетте парсы тілінінің екінші тіл ретінде оқытылуына қарамастан, сапалы білім беріп жатқан университет басшылары мен парсы тілінің оқытушыларына алғыс білдірді. Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Р.О.Озғамбаева олимпиаданың қатысушыларына сәттілік тіледі.
Олимпиаданың жабылу рәсімінде Иран Ислам Республикасы Елшілігі жанындағы мәдени өкілдігінің директоры Шейх Масуд Зейнеддин жеңімпаздар – П.Саниева, Д.Мажитова, Е.Князеваны марапаттап, әрқайсысына ақшалай сыйақы берді.
Олимпиадаға қатысқан басқа студенттерге сертификат табысталып, парсы тілі оқытушылары Иран Елшілігі тарапынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.