Алматыда ирантанушылар арасында республикалық олимпиада өтті
Наурыздың 28-29 күндері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде қалыптасқан дәстүрмен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында шығыстану мамандығы бойынша ХІ Республикалық олимпиада өтті.
Олимпиада шеңберінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ шығыстанушы иран бөлімінің студенттері бақ сынасты. Олимпиаданың ашылу салтанатына ИИР-ның Қазақстандағы Бас консулы Хамид Реза Аршади мырза арнайы шақырылды. Бас консул сөз сөйлеп, студенттерге ақ жол тіледі.
Олимпиданың мақсаты парсы тілінде студенттердің сөйлеу шеберлігін арттыру, мамандық бойынша теориялық материалдарды меңгергенін анықтау, шығармашылық қабілеттерін дамыту болды. Бұл олимпиада болашақ шығыстанушылардың білім деңгейін сараптаудың бұқаралық сипатқа ие жарыс түрінде өткізілетін сынақ әрі студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, алған білімдерін бағалаудың әділ жолы болып табылады.
Олимпиада екі бөлімде өтті: бірінші бөлім бойынша студенттер парсы тілі және Иран тарихы, мәдениеті мен діні бойынша білімдерін сынап, еркін тақырыпта эссе жазды; екінші бөлімде олимпиаданың шарты бойынша әрбір студент өз қалаулары бойынша Иранға байланысты слайд дайындап, парсы тілінде ауызша еркін сөйлеу дағдылары мен парсы тілінде сөйлеп, тіл байлығын көрсетті.
Әділ қазылардың шешімімен І орынды әл-Фараби атындағы университеттің 4 курс студенті Полатбек Ләззат иеленді. ІІ және ІІІ орындарды ЕҰУ-дің студенттері Ғазизова Азиза мен Жұмаш Қасымхан бөлісті.
Олимпиаданың жабылу салтанатында ИИР-дың Қазақстандағы Бас консулы Хамид Реза Аршади мырза жүлделі орын иеленген студенттерді құттықтап, оларға Иран Ислам Республикасы Мәдени орталығының арнайы сыйлықтарын табыс етті.