ИИР Елшілігінің Мәдени өкілдігі Қазақстандағы халықаралық кітап көрмесіне қатысып жатыр
Сәуір айының жиырма төрті күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Экспо» көрме орталығында басталған Қазақстандағы IV Халықаралық Еуразиялық кітап көрмесіне жергілікті және шетелдік баспалар, түрлі елдердің мәдени өкілдіктері, соның ішінде, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Мәдени өкілдігі қатысып жатыр.
Көрменің ашылу салтанатында құттықтап, сөз сөйлеген Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Еуразиялық кітап көрмесі – кітап сүйер қауым үшін үлкен мереке. Көрмеге 90-нан астам баспа, ғылыми және білім беру ұйымдары мен түрлі елдердің мәдени орталықтары қатысып отыр. Кітап көрмесін өткізу дәстүрі келесі жылдары да жалғасын тауып, Қазақстанда кітаптың орны мен кітап оқу дәстүрін нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Қоғамда кітаптың рөлін нығайту аса маңызды. Себебі, кітап әлі де білім мен ғылымның ең басты қайнар көзі болып табылады» деді.
Айта кетер жайт, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Мәдени өкілдігі де әлеуметтік ғылымдар, тарих, парсы тілі мен әдебиеті, ирантану, пәлсапа, көркем әдебиет, саяси ғылымдар мен балаларға арналған әдебиет салалары бойынша парсы, орыс, қазақ және ағылшын тілдеріндегі еңбектерді жұрт назарына ұсынды.
Иран Елшілігінің Мәдени өкілдігі осындай мүмкіндікті пайдаланып, кейбір қазақстандық баспалар, басқа елдердің мәдени өкілдіктері, қазақстандық ғылыми және мәдени саладағы көрнекті тұлғалармен елдегі кітап басу ісі жайында сұхбаттасты.
Кітап көрмесі сенбі сәуір айының жиырма жетісіне дейін жалғасады.