Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Kóshpendiler Álemi» атты халықаралық этномәдени фестиваль өтеді
https://parstoday.ir/kz/news/kazakhstan-i42469-Жуырда_Нұр_Сұлтан_қаласында_kóshpendiler_álemi_атты_халықаралық_этномәдени_фестиваль_өтеді
2019 жылдың маусым айының 28-30 жұлдыздары аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Kóshpendiler Álemi» атты Көшпенділер этномәдениетінің төртінші халықаралық фестивалі өтеді.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Маусым 18, 2019 17:28 Asia/Almaty
  • Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Kóshpendiler Álemi» атты халықаралық этномәдени фестиваль өтеді

2019 жылдың маусым айының 28-30 жұлдыздары аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Kóshpendiler Álemi» атты Көшпенділер этномәдениетінің төртінші халықаралық фестивалі өтеді.

   Іс-шара  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт минстрлігі Туризм индустриясы комитеті тапсырысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

   Фестивальдің негізгі мақсаты – көшпенділердің тарихи және мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық салт-дәстүрді, идеологияны, шайқас өнерін жаңғыртуға және мемлекеттер арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтуға арналған платформа ретінде қалыптастыру. Іс-шара Қазақстанға шетелдік туристерді тартатын және ішкі туризмнің дамуына оң әсерін тигізетін маңызды оқиғалардың бірі болып табылады.

   Фестиваль концепциясы 2008 жылдан бері Венгрия Халық Республикасында өтетін Түркі халықтарының Үлкен Құрылтайының сәтті моделіне негізделген.  Жобаның бас кеңесші ретінде Үлкен Құрылтайдың ұйымдастырушысы – белгілі ғалым-антрополог Андраш Биро бастаған "Magyar Turan" қоры қолғабыс етеді.

   Фестиваль бағдарламасында қатысушылардың Нұр-Сұлтан қаласы көшелерімен шеруі, кәсіби садақшылардың жарысы, көкпаршылар мен бүркітшілердің сайысы, сауыт-саймандары тарихи дереккөздерге негізделіп жасалған батырлардың жекпе-жектері, сонымен қатар шабандоздардың өнерін көрсету қарастырылған. 

   Сайыстарға қатысу үшін Қазақстанға Түркия, Әзербайжан, Болгария, Иран, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстаннан командалар келеді.

   Фестиваль қонақтары көшпенділердің өмір салтын тарихына үңіліп көре алады. Әрбір қонақ фестивальде этномәдениеттің көпқырлылығын сезініп, халықтың өмірі мен салт-дәстүрлері туралы жаңа біліммен өздерін байытып, көшпенділердің тұрмысымен танысуға, қазақстандық қолөнершілерден шеберлік сабақтарын алуға, киіз басу, былғарымен, күміспен, көзеші ұршығымен жұмыс істеуді үйрене алады. Фестиваль аясында көшпенділердің тарихымен Сақ, Қаңлы, Үйсін және Ғұн дәуірлерінің костюмді көрсетілімі арқылы танысуға, бүркітшілердің шеберлігі мен аңшы құстардың сұлулығына тамсануға мүмкіндік болады.

   Іс‑шара қонақтарын бүкіл әлемге танымал этно-музыка орындаушыларының қатысуымен музыкалық бағдарлама күтеді.