Қатігездік (әңгіме)
Ғылыми-фантастикалық шығармалардың авторы ирандық жазушы Ирәдж Фазелбахшешидің "Қатігездік" атты қысқа әңгімесі қазақ тіліне аударылып, Қазақстанның Abai.kz ақпараттық порталында жарияланды.
Ұстаз жұмыс үстелінде жатқан кітаптарға көз тастап, арасынан кішкене ғана сары қағазды қолына алып қарады. Бүгін үш сабақ өткізуі керек екен. Солардың бірі – «Құс жолы» виртуалды университетіндегі ғаламшараралық қоғамтану. Бұл – «Ғаламшараралық қоғамтану және трансғаламшарлық полиция күштері» мамандығында оқып жатқан докторанттар үшін міндетті пән. Аталған сабақ барысында кейде түрлі өркениет өкілдері арасында маңызды әрі тартысты диалогтар өрбиді. Айтылған пікірлердің біршамасы ұстаздың жаңа зерттеу еңбегіне құнды материал ретінде қолданылатындықтан, ол бұл пәнге асқан қызығушылықпен қарайды.
Ұстаз жұмыс үстелі алдындағы орындығына ыңғайланып отырды да, виртуалды экрандағы батырмаларды белгіленген тәртіппен басып шықты. Нәтижесінде, бірнеше минуттан кейін үш өлшемді виртуалды аудиториядағы студенттердің алдынан шыға келді.
Шәкірттер де біртіндеп орындықтарына жайғасты. Университеттің ережесі бойынша, нәсілшілдіктің алдын-алу мақсатында дәрісте докторанттардың аты-жөні және өз келбеті ашық көрсетілмейді. Олар сабаққа бірдей кейіпте, бірақ бір-бірінен ажырату үшін түрлі-түсті реңкке еніп, қатысады. Тек ұстаз ғана шәкірттердің шынайы бейнесін көріп, есімдерін біледі. 10 студент жиналған соң, оқытушы сабағын бастады.
Ол орнынан тұрып, студенттерге талқыланатын тақырыпты таныстырды: «Бүгін гендерлік зорлық-зомбылық жөнінде сөз қозғаймыз. Әңгіме Жер ғаламшарындағы әйелдер көретін қатігездік туралы болмақ».
Аудиториядағылар өзара келіспей, күңкілдесе бастады. Ұстаз сәл кідірістен соң, сөзін жалғастырды: "Құс жолындағы өзге ғаламшарларда ерлерге, бейтарап жыныстыларға, қос жынысты немесе көп жыныстыларға қарсы қатігездік бар екенін білесіздер. Сондықтан неге дәл Жердегі әйелдер жайында талқылаймыз деп ойлауларың орынды. Бұл жәйттардың бәріне де сабақ барысында тоқталатынымызды бірден ескертіп айтайын. Алайда гендерлік зорлық-зомбылық Жерде өзге ғаламшарларға қарағанда анағұрлым кең етек жайған. Мұның тамыры тым әріде жатқан сыңайлы».
Осылай дегеннен кейін оқытушы үстеліне жақындап, орындығына отырды. Экрандағы бірнеше батырманы басты да, «Мына суреттерге назар аударыңыздар», – деді. Экранда Африка базарларында күңдікке сатылып жатқан әйелдер мен бойжеткендердің; бесіктен белі шықпай жатып, қалыңдық киімін киген немесе бала көтерген кішкентай қыздардың; соққыға жығылып, үсті-басы көкала қойдай болған келіншектердің; өзіне қол салған және тұрмыс ауыртпашылығынан тым ерте қартайып кеткен әйелдердің суреттері кезек-кезек көрсетіліп жатты.
Суреттер біткенде, кабинетті құлаққа ұрған танадай тыныштық басты.
Ұстаз өзге ғаламшарлық студенттердің таңданып, тіпті, шошынып отырғанын көрді. Ал Жер тұрғындарына бұл оқиғалар таңсық болмағандықтан, жүздерінде ешқандай өзгеріс байқалмай, салқын ғана қабылдады.
Оқытушы сөз тізгінін алдымен Жер студенттеріне бергісі келген жоқ. Өйткені, басқа ғаламшарлардың шәкірттері оларды танып қойып, дәріс екі адамның дауына айналып кетуі мүмкін еді. Сондықтан: «Пікірталасты мынадай сұрақтармен бастайық: Гендерлік зорлық-зомбылық деген не және о баста қайдан шықты?» –деді.
Бәрі де бір сәтке ойланып қалды.
Ұстаз студенттерді жанарымен шолып шығып, «Бұл сауалға жауап бере алатындарың бар ма?» –деп сұрады.
Шәкірттердің көбі көзқарасын айту үшін қолын көтерді. Сірә, бұл мәселені тым қарапайым әрі ұғынықты деп қабылдаса керек.
Оқытушы Альфа ғаламшарының сары түсті студентін нұсқап, пікір білдіруге шақырды. Ол орнынан тұрып: «Қатігездік дегеніміз – дөрекі адамның физикалық немесе одан тыс күшті пайдалану арқылы жынысы басқа жанды өз талап-тілегін орындауға мәжбүрлеуі» – деді.
Ұстаз келісетінін меңзеп, басын изеді де: «Иә, бұл – қатігездіктің классикалық сипаттамасы. Өте жақсы» – деді. Ойланған кейіпте төрт-бес қадам жүрген соң, екінші сұрағын қойды: «Келесі сауал – қатігездіктің неше түрі бар?».
Бұл жолы екі-үш студент қана қол көтеріп, жауап беруге ниет білдірді. Оқытушы солардың біріне рұқсат берді. Көк түсті студент орнынан тұрып, былай деді: «Реакция тұрғысынан қатігез әрекет пен оған қатынасты жетіге бөліп қарастыруға болады:
1, Біреу қатігездік жасайды, бірақ ол жапа шеккен адам тарапынан қатігездік саналмайды. Алайда одан адам зардап шегеді;
2, Біреу қатігездік жасайды, бірақ ол жапа шеккен адам тарапынан қатігездік саналмайды. Одан ешкім зардап шекпейді;
3, Біреу қатігездік жасайды. Жапа шеккен адам оны қатігездік деп санайды. Бірақ зардап шекпейді;
4, Біреу қатігездік жасайды. Жапа шеккен адам оны қатігездік деп санайды. Және одан зардап шегеді;
5, Адам қатігездік жасамайды. Бірақ қарсы тарап оның қатынасын қатігездік деп санайды;
6, Адам өзінің қатігездік жасағанын білмейді. Бірақ жапа шеккен адам өзінің қатігездікке ұшырағанын біледі;
7, Адам өзінің қатігездік жасағанын білмейді. Жапа шеккен адам да өзінің қатігездікке ұшырағанын білмейді».
Ұстаз күлімсіреп, студентті «Жарайсың!» – деп мақтады да, аудиториядағы басқа студенттерден: «Осы жеті жәйттың қайсысы бәрінен қауіпті?» – деп сауал тастады. Бұл сұраққа жауап бермек пейілмен тек бір студент қана қол көтерді. Ұстаз жыныстық бөліну тұрғыдан күрделі құрылымға ие Бета ғаламшарының қара түсті студентіне сөз берді. Ол орнында отырған қалпында: «1 мен 6-ға дейінгі жағдайларды анықтап, заңмен қудалауға болады. Сондықтан жетіншісі ең қатерлі жәйт. Өйткені оны әшкерелеп, тексеру оңай емес. Мұндай жағдайда қатігездік ұдайы қоғамның терең қатпарларында еш қарсылықсыз немесе бөгетсіз жүзеге аса береді. Әйтеуір бір күні зәбір көрсетуші немесе жәбірленуші шектен тыс қатігездік жасағанын, не болмаса, көргенін түсінетіндей дәрежеге жеткенде, әдетте зұлымдықтың алдын-алу тым кеш болады», – деді.
Оқытушы студенттің жауабына қанағаттанғанын білдіріп, басын изеді де: «Қатігездік неден бастау алады?» – деп сұрады. Қара түсті студент: «Мұндай қатігездік кей қауымдардың мәдениетінде тамырын тереңге жайған қате сенімнен бастау алады», – деп жауап берді. Қара түсті шәкірттің жанында отырған жасыл түсті студент қолын көтерді. Ұстаз оған да сөйлеуге мұрсат берді. Жасыл түсті шәкірт: «Мен бұл пікірмен келіспеймін. Терең сенім деген жоқ. Бәрін талқылауға болады», – деді.
Сабақтың өту барысы ұстазға ұнады. Енді Жер ғаламшарының шәкірттерін пікірталасқа тартатын кез келді. Ол орнынан тұрып, жерлік студенттердің бірінің жанына барды да: «Сендер неге үндемей отырсыңдар? Көзқарастарың қандай?» – деп сұрады.
Қызыл түсті студент селқос қана: «Бұл тақырыпта пікір таластырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен қатігездікке қарсымын. Бірақ не болса соны қатігездікке балау дұрыс емес. Біздің болмысымызды көрсететін әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек. Кейбір жағдайларда бұл қатігездік емес, біздің мәдениетіміз», – деді.
Студенттің бұл сөзі аудиторияда дау тудырды. Күлгін түсті шәкірт рұқсат сұрамастан, өре түрегеліп: «Қоғамдағы әдет-ғұрыпты халық қалыптастырады. Сондықтан оны өзгерту де өз қолында», – деп айқайлады.
Жер планетасының сарғылт түсті студенті: «Сендер басқа ғаламшардансыңдар. Сол себепті, Жер планетасы мен адамзат қоғамы туралы дұрыс білмейсіңдер. Жерде ер адамдар физикалық және рухани жаратылыс тұрғысынан артық қабілетке ие және қиын жағдайларда шешім қабылдағанда, ер адамның пікірі жоғары тұратынына тарихи тәжірибе жүзінде көз жетті. Бұл бір табиғи артықшылық», – деп жауап берді.
Осы үш студент бір-біріне дауыс көтере сөйлеп, дау өршіп кетті. Әрқайсысы өз көзқарасын түрлі деректермен дәлелдеуге тырысып бақты. Оларды үнсіз ғана тыңдап тұрған ұстаз пікірталасты тоқтатуға әлденеше рет оқталғанмен, батпады. Оқытушы ақырын ғана үстелінің жанына барып, орындығына жайғасты да, бірнеше минут студенттерге қарап отырып, ойға шомды. Бір мезгілде бүгінгі сабақты түйіндейтін сәттің жеткенін ұқты. Сәл ойланып, ең жақсы түйін сабақ беру ережесін бұзып, қорытынды жасауды әр студенттің өз еркіне қалдыру деп шешті.
Ұстаз экран бетіндегі бірнеше белгіні басып, дауласып жатқан студенттердің шынайы бет-жүзін көрсетті. Қызыл және сарғылт түсті студенттер – Жер планетасында тұратын ер адамдар, ал күлгін түсті шәкірт сол ғаламшардың әйел тұрғыны болып шықты.
Аудиториядағы басқа студенттер Жер планетасынан шыққан ер және әйел студенттердің қызу талқысына таңдана қарап қалды.
Қара түсті студент жанындағы жасыл түсті шәкіртке ақырын ғана: «Енді не ойлайсың?» – деп күлімсіреді.
Ұстаз жымиған күйі виртуалды аудиториядан шығып кетті. Ол орындықтан тұрып, ғарыш қалашығындағы шағын пәтерінің аспазханасына қарай бет алды... Осы кезде құлағына «Анашым, Жерден апам телефон соғып жатыр» деген үн жетті.
Ирәдж Фазелбахшеши, парсы жазушысы
Парсы тілінен аударған: Гауһар Омарханова