Қазақстан мен Иранның мәдени байланыстарындағы ақын Абай Құнанбайұлының орны
(last modified Tue, 18 Aug 2020 13:15:51 GMT )
Там 18, 2020 19:15 Asia/Almaty
  • Қазақстан мен Иранның мәдени байланыстарындағы ақын Абай Құнанбайұлының орны

Биыл қазақтың ұлы ақыны, философы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Абай мұраларын оқып, оның әлемдік масштабтағы ірі тұлға екеніне көз жеткізуге болады.

Ол ең алдымен әдебиет пен философия салаларында бай мұра қалдырып, қазақ жұртының рухани өркендеуіне көп ықпал етті. «Атаңның баласы болма адамның баласы бол» деп өсиет еткен  дала данышпаны бүгінде адамзаттың Абайына айналып отыр деп айтуға болады.

          Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның қазіргі замандағы орнын айқын ашып көрсетті. Ол хакімнің тұңғиық ойларының тереңіне бойлау, оны күллі өмірінің темірқазығы ету қазақ халқының мәңгілік мәселесі екенін атап айтты.

          Абай Құнанбайұлы 1945 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысында Шыңғыс тауының етегінде туған.  Әкесі Құнанбай аға сұлтан болып, ел билеген. Бала кезінде медреседе оқып, араб, парсы, түрік тілдерін меңгереді. Кейіннен орыс тілі арқылы орыс жазушылары мен ақындарының, философтарының еңбеігмен танысады. Еуропаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Солардың біразының шығармаларын аударды.

           Абай - ақынағартушыжазба қазақ әдебиетінің  негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, ислам құндылықтарын дәріптей отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларына қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

          Сондай-ақ, Абайдың пәлсапасы мен данышпандық ой-өрістері - қазіргі Қазақстан топырағында дүниеге келген, биыл 1150 жылдық мерейтойы аталып өтетін ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидың философиялық, діни, қоғамдық және әлеуметтік ілімдерімен тікелей сабақтас әрі өзектес бола отырып жетілген кең ауқымды өркениеттік мұра.

          Абай Шығыс және Батыс мәдениеті мен өркениетінің қыр-сырларын жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

          1875-78 жылдар аралығында сайлауда жеңіп, болыс болып сайланады.  Абай ел билеу ісіне араласқанда халқы дамудың даңғыл жолына түскенін қалады. 

          Өмірінің соңына дейін елінің өркендеуін қалап, жалпы адамзат құндылықтарын сақтау жөнінде ой толғап өтті.

          Абай ең алдымен жастайынан қазақ халық ауыз әдебиетінен нәр алды. Зере әжесінен, үлкен кісілерден, жыршы-термешілерден тыңдаған ертегі, эпостық жырлар, аңыз-әпсана, тұрмыс-салт жырлары, әңгімелердегі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірді.

          Абай медреседе білім алғанда Шығыс, оның ішінде Иран шайырларының, ғұламаларының еңбектерімен терең танысты. Шығыс даналарының жауһар шығармаларындағы құнды ойлар ұлы ақынның дүниетанымын кеңейтті.

          А.Құнанбайұлының алғаш жыр жазарда:

          Физули, Шәмси, Сәйхали,

          Науаи, Сағди, Фирдауси,

          Хожа Хафиз – бу һәммәси

          Мәдәт бер я шағири фәрияд,

-деп, Шығыс шайырларын медет қылуы Абайдың о баста Иран ақындарын іштей ұстаз тұтқанын көрсетеді.

          Абай Иран ғұламаларын көп оқыған. Иран халқы әдебиетінің біртуар мұраларынан нәр алды. Бұл ақын «Ескендір», «Масғұт»  поэмаларын Иран ақындарының әдеби дәстүрі бойынша жырлаған.

          Абай жастайынан медреседе оқып, діни тәрбие алды. Діндар болып өсті. Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде Алланы сүюге, тануға шақырады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашан да жалған болмас», «Алланы сүй, Алланың хикметін сез» деп жырлаған ақын танымы ислам құндылықтарымен тығыз байланысты.

          Ұлы ақын «Алла деген сөз жеңіл» атты өлеңін:

          Жүректің ақыл – суаты,

          Махаббат қылса Тәңірі үшін, - деп түйіндейді.

          Қалай десек те, хакім Абай бойына Тәңірінің нәрі, қуаты құйылғанын түйсінді әрі сәйкесінше Аллаға деген махаббатпен ой толғады. 38-сөзінде: «Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. ...Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматпенен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға, пенде өз ақылы жетерлік шамасында білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім деп ат қойған» десе, бұл өзі сезінген, көзі жеткен ақиқат пайым екені сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, 38-қарасөзі Абайдың Құдайға ғашықтығының куәсі әрі барлық діни көзқарастары тоғысқан басты мұра болып табылады.

          Махаббатпен жаратқан адамзатты,

          Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, - деп жырлайды ақын.

          Шығармаларына, оның ішінде "Қара сөздеріне" ой жүгірткен жан Абай ақынның Қасиетті Құран мен шынайы хадистерді басшылыққа ала отырып ғұмыр кешкеніне, өзі жинақтаған ілімін кейінгілерге ұлағат етіп қалдыруға тырысқан даналығына көз жеткізеді.

          Қазіргі таңда Қазақстанда Абай айтқан дін құндылықтарына зор мән берілуде. Қазақстан елі басшылығының бастамасымен Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің отырыстары өткізіліп келе жатыр. Адамзаттың ақиқат дінді ұстануы тек игілікке бастамақ.

          Ақынның «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (10-сөз) дегені мәлім. Сондай-ақ: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» (38-сөз) – дейді Абай.

          Абай өз өлеңдерінің бірінде: «Дүние де өзі, мал да өзі – ғылымға көңіл бөлсеңіз», - дейді. Мұнда ақын ғылым бүкіл өркендеудің темірқазығы екенін атап көрсетіп отыр. Орта ғасырда бүкіл ғылымның қозғаушы күші болған Ислам елдері қазіргі заманда Батыс елдеріне қарағанда ғылым-технология салаларында кенжелеп келе жатқаны шындық. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен 2017 жылы Астанада өткен ИЫҰ Ғылым және технология жөніндегі алғашқы саммиті мұсылман әлеміндегі ғылымды дамыту бағытындағы тарихи іс-шара болды. Осы саммитте қозғалған маңызды бастамаларды ислам елдері ілгерілететін болса, дамудың жаңа сатысына қадам басары кәміл.

          Сонымен қатар, ислам елдерінің одан әрі дамуы үшін ең алдымен татулық қажет екендігі мәлім.  Абай: «Бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес», деп атап көрсетеді.

          Осы орайда, 2016 жылы сәуірде Ислам әлеміндегі тарихи татуласу процесін бастауға шақырған ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Р.Т.Эрдоғанның Бірлескен декларациясы кең қолдауға ие болды. Саммит бұл бастаманы іске асыру мақсатында ИЫҰ Бас хатшысына мүше мемлекеттермен консультациялар өткізуді және Ислам татуласу үдерісі бойынша жан-жақты іс-қимыл жоспарын ұсынуды тапсырғаны мәлім.

 Исламдық татуласу процесін ислам әлеміндегі қатынастардың жаңа парадигмасы ретінде іске қосу мемлекетаралық қатынастар мәселелеріне конструктивті көзқараспен қарай отырып, қақтығыстар мен дауларды шешуге мүмкіндік ашады. Бұл бастаманы іске асыру іс жүзінде мемлекетаралық қатынастардағы шиеленістің төмендеуімен және жинақталған мәселелерді дипломатиялық миссиялардың, парламентаралық диалогтардың, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, консультациялардың әртүрлі тетіктерін құру арқылы шешумен байланыстырылды.

Жалпы алғанда, Шығыс, оның ішінде Иран шайырлары мен Абай ойларының сабақтастығы екі ел арасындағы әдеби, мәдени, рухани байланыстар тамырының тереңде жатқанын көрсетеді.

2007 жылы ИИР президентінің шақыруымен ҚР Президенті Тегеранға ресми сапармен келді. Осы сапар барысында ҚР Президентінің қатысуымен Тегеранда Ұлттық кітапханада қазақтың ұлы ақыны Абайға ескерткіш ашылғаны екі елдің мәдени байланыстарындағы елеулі оқиға болды.

          Қазақстан мен Иранның мәдени қатынастары тарихындағы ұлы ақын Абайдың орны ерекше екендігі мәлім. Мұндай жағдай алдымен екі халықтың рухани, мәдени және әдеби сабақтастығының тамыры көне замандарға тереңдеп кететіндігімен байланысты.

Осы сабақтастықты жаңаша сипатта жандандыруға үлес қосу - бүгінгі біздің міндетіміз.  Бұл, Абай сияқты Қазақстан мен Иранның ұлы ақындары мен ойшылдарының мұралары мен дүниетанымына, ізгілікке шақырған өсиеттеріне зер салу арқылы жүзеге асары кәміл.

Асхат Оразбай – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі  

 

Тегтер