Сұхбат (әңгіме)
(last modified Thu, 20 Aug 2020 16:48:13 GMT )
Там 20, 2020 22:48 Asia/Almaty
  • Сұхбат (әңгіме)

Қазақстаннның qalamger.kz әдеби-танымдық порталында парсы жазушысы Ирәдж Фазелбахшешидің "Сұхбат" атты қысқа әңгімесінің қазақ тіліне аудармасы жарияланды.

- Сəлем!

- Сəлем!

Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет!

- Оқасы жоқ. Тек менің уақытым шектеулі екенін ескеріңіз.

Жақсы. Онда бастайық. Өзіңізді толық таныстыруыңызды өтінемін.

Сұхбат беруші сәл кідіріп, ойланып қалды.

- Өзімді таныстыра алмаймын.

- Неге? Кез-келген әңгіме әуелі танысудан басталмай ма?

- Біз соғыс жағдайындамыз. Кім екенімді толық айтсам, сіз маған зиян тигізуіңіз мүмкін.

- Майдан жүріп жатқаны рас. Сізбен сұхбаттасқым келгені де сондықтан. Соғыс қашан бітеді?

- Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Сіздермен бітіспес айқас жүз мыңдаған жыл бұрын басталған. Соғысты тоқтату жайлы сөз қозғау да оңай емес.

Майданды сіздер бастадыңыздар!

- Жоқ. Бұл орынсыз айыптау. Біз соғыс аштық деп айта алмаймын. Мәжбүр жағдайда болдық.

- Неге олай дейсіз?

Себебі белгілі. Кез-келген жаратылыс өз генін келесі ұрпаққа жеткізуге міндетті әрі құқылы. Бұл жойылып кетпей, тіршілікті жалғастырудың шартыБізді майдан бастауға мәжбүр еткен – осы.​

Тағы да үнсіздік орнады.

- Ген дейсіз бе?! Сөзіңізді қабылдай алмай отырмын.

Достық сипатта сұхбат құрамыз деп келісіп едік қой. Кекесініңізді елемегендей болайын. Мына нәрсені біліп жүріңіз: Біз генетикалық кодымызды ДНҚ-да емес, РНҚ-да сақтауды көздейміз. Бұны ұғыну сізге қиын, əрине.

- Адамның генетикалық құрылымы жайлы білетін бе едіңіз? Біздің дене құрылысымыз сіздердікінен анағұрлым жетілген.

Бөлме ішін тағы да құлаққа ұрған танадай тыныштық басты.

Мен де сізге тіл тигізе сөйлей алсам да, олай істемеймін. Адамның денесі жетілген дегеннен гөрі күрделі жүйе деген дұрыс. Сіздің тұла бойыңызда миллиондаға жасуша бар және өмір сүру үшін солардың біразына тәуелдісіз. Адам генді келесі ұрпаққа жеткізуі үшін ұзақ уақыт алатын күрделі бір үдеріс жүзеге асуы керек. Ал мен бір эволюцияны бастан өткеріп, ақуыз қабықшамен қапталған нуклеин қышқылы арқылы өзімді бір саналы бөлшекке айналдыра алдым. Басқа ағзаларға енгеннен кейін санымды жылдам көбейте аламын.​

- Өзіңізді саналы дейсіз бе?

- Иə, дәл солай.

- Бұл қалай болғаны? Тек адамдар ғана ойлана алады емес пе? Сіздер ше?

- Әңгіме ауанын тағы да "қырғи қабақ" соғысқа қарай бұрдыңыз ғой.

- Жоқ. Мен тек бір шындықты айтып отырмын.

- Онда мына ақиқатты да білуіңіз тиіс: Адамдардың генетикалық кодының бастау көзі – біз! 2016 жылы Cell журналында жарияланған зерттеу бойынша, адам геномының 40-80 пайызы байырғы вирустың басқыншы түрінен қалыптасқан. Сіздердің ғалымдарыңыз синапс байланыстарынан кейін ғана аз уақыттың ішінде Arc деп аталатын вирус геніне жан бітті. Ол өзінің нұсқауларын "бит" түрінде​ РНҚ деп аталатын қозғалмалы генетикалық қорға жазып қалдырды. Мағлұмат тасымалдаушы ДНҚ жасушалардың ядросынан тыс жерде қызмет етеді. ДНҚ-ның қос талшықты спиральді кодының бір тармақты көшірмесі генетикалық нұсқауларды пайдалы деп саналған жерлерге жеткізеді.

- Не айтып отырғаныңызды түсінбедім.

- Маңызды емес. Біз бұл істі тындырып қойдық.

Осымен бұл әңгімені доғарайықшы. Сонымен соғыстың қашанға дейін созылатынын расында да білмейсіз бе?

- Жоқ, білмеймін. Сіздер жүз мыңдаған жыл бойы бар күш-қуатыңызбен қарсы тұруға тырысып, күресіп келесіздер. Ал біз өз тіршілігімізді жалғастыру үшін шабуыл жасап жатырмыз.

- Сұхбатымыз соңына таяған сияқты. Адамдарға айтарыңыз бар ма?

Тағы да бір сəт үнсіздік орнады.

- Пікірімді қысқаша түйіндейін.

- Мархабат, сөз тізгіні сізде.

- Біздің, вирустардың, түріміз өте көп. Сіздер бəрін бірдей білмейсіздер. Біз сан жағынан да, түр жағынан да басымбыз. Ген тасымалдау, көбею біздің табиғат алдындағы міндетіміз. Бұл басқыншылық соғыс емес, біздің тіршілік үшін күресіміз. Сондықтан бізді айыптап, жек көргенше, күтініп, сақтанып жүріңіздер.

- Сұхбатыңызға рахмет! Сау болыңыз!

- Оқасы жоқ. Мен де жұмысымды жалғастыруым керек. Қош болыңыз!

 

PS. (Аудармашыдан) 24 ақпанда Иранда коронавирустан 5 адам қайтыс болғаны хабарланып, бəріміз үшін ерікті түрде үйқамақ басталған еді. Содан бері 6 ай өтті. Бүкіл әлемге жайылған індеттен Иранда 20 мыңнан астам адам көз жұмды. Əлеуметтік қашықтықты сақтау шаралары атқарылуда. Соғыс жалғасып жатыр...

 

Ирәдж Фазелбахшеши, парсы жазушысы

Парсы тілінен аударған Гауһар Омарханова

Дереккөзі: https://qalamger.kz/literature/audarma/ir-dzh-fazelbahsheshi-parsy-zhazushysy-s-hbat/373

Тегтер