Иранның Ұлттық кітапханасында Абайға тағзым ету рәсімі өтті
(last modified Tue, 27 Oct 2020 22:02:01 GMT )
Қаз 28, 2020 04:02 Asia/Almaty
  • Иранның Ұлттық кітапханасында Абайға тағзым ету рәсімі өтті

Сейсенбі, 27 қазанда Теһранда Қазақстанның Ирандағы елшісі Асхат Оразбай бастаған қазақ дипломаттар делегациясы Иранның Ұлттық кітапханасындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абайға тағзым ету рәсімі барысында қазақ делегациясы  Иранның Ұлттық кітапханасының басшысы Ашраф Бруджерди ханыммен кездесіп, осы кітапханадағы Қазақстан бұрышына жаңа кітаптар табыстады.

Қазақстанның Ирандағы елшісі Асхат Оразбай мен Иранның Ұлттық кітапханасының басшысы Ашраф Бруджерди

Асхат Оразбай: «Биыл Қазақстан екі ірі тұлға – әл-Фарабидің 1150 жылдығы  мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлап жатыр. Ел ішінде және шет елдерде арнайы ғылыми-мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Алайда жаһанды жайлаған індет көптеген шаралардың орындалуына кедергі жасады. Мысалы, әл-Фарабиді ұлықтауға арналған ғылыми-мәдени керуен  Қазақстаннан Сирияға аттанып, жолда Иранның қалаларын басып өтуі тиіс болатын. Бірақ, өкінішке қарай, жүзеге аспады. Жуырда әл-Фарабиге қатысты ғылыми-саяси вебинар өткіздік.

Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімін өткізу жыл басынан бері жоспарда болған. Бүгін орайы туып отыр. Қазақ халқы Абайды ерекше қадірлейді, өйткені ол өз туындыларында әрдайым халықты білім алуға үндеді. Оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойлар жүз жылдан аса уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан ол қазақ халқы үшін ағартушы ойшыл саналады. Абай әрдайым халықты үзбей оқып, білім алып, хабардарлығын арттырып, дамып отыруға шақырған. Сол себепті әр қазақ Абайды құрметтейді. Абай өз халқының сауатты болуын, білімді болуын, жан-жақты дамуын қалаған. Бүгінгі шараны өткізудегі мақсаттарымыздың бірі – шетел жұртшылығына Абай мен оның туындыларын көбірек таныстыру және оның ойларының маңыздылығын тереңірек түсіндіру»,-деді.  

Ашраф Бруджерди: «Қазақтың ұлы ақынын ардақтап, ескерткішіне гүл шоғын қоюға келгендеріңізді құп көремін. Мұндай шаралар екі елдің мәдени байланыстарын нығайтуға көмектеседі деп санаймын. Өздеріңіз білетіндей, әдебиетші ғалымдар, ақындар мен жазушылар  әр ұлттың рухани мұрасын сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Мысалы, ақын рухани мұраны өз өлеңдері арқылы  келешек ұрпаққа жеткізеді. Барлық ұлттар ақындарды өздерінің көрнекті тұлғаларының қатарына жатқызады. Ұлттық кітапхана – Иран халқының жады мен мәдени мұрасын сақтайтын жер. Ол басқа халықтардың да мұрасын сақтайтын орталық бола алады. Сіздердің бұл қадамдарыңыз – ізгі бастама. Біз өзара байланысты парсы және қазақ ақындарының ой-пікірлерінің тамырларын тану жолында дамыта аламыз. Абайдың ой-пікірі қазақ халқына қатты әсер еткенін білемін. Ұлы ақынды басқа халықтарға да танытып, оның ұлағатты ойларын келесі ұрпаққа жеткізуге талпынуымыз керек»,-деді.

Қазақстанның Ирандағы елшісі Асхат Оразбай мен Иранның Ұлттық кітапханасының басшысы Ашраф Бруджерди

Айта кету керек, 2007 жылы Қазақстан республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға ресми сапары кезінде осы елдің Ұлттық кітапханасында Абайға ескерткіш қойылып, ашылу рәсімі өткен-ді.

Тегтер