Философтың міндеті – қоғам дертін емдеу
Алматыда «Әл-Фарабидің «Әл-Хуруф» (Әріптер) атты трактатының парсы тіліндегі аудармасы мен оған жазылған ғылыми түсініктеме» деген тақырыпта вебинар өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Алламе Табатабаи университетінің философия ғылымының докторы, фарабитанушы Қасым Пурхасан Дарзидің қатысуымен 17 қараша күні 2021 жыл «Әл-Фарабидің «Әл-Хуруф» (Әріптер) атты трактатының парсы тіліндегі аудармасы мен оған жазылған ғылыми түсініктеме» деген тақырыпта вебинар өткізді.
Вебинардың қонағы Қасым Пурхасан Әбу Наср әл-Фараби еңбектеріне арналған төрт томдық кітап жазғанын, соның соңғысы «Әл-Фараби және әл-Хуруф: лингвистикалық және философиялық ойлары» деп аталатынын атап көрсетті. Доктор Пурхасан Әл-Фарабидың еңбектерінің ішіндегі ең маңыздысы – Әл-Хуруф (Әріптер) трактаты және осы трактаттың аз зерттелгеніне тоқталды. Осы себепті Әл-Хуруф трактатын түбегейлі зерттеу мақсатында парсы тіліне аударып, оның ішіндегі философиялық ойлардың күрмеуін шешу үшін түсініктер жазғанын баяндады. Әбу Наср әл-Фарабидің аталмыш еңбегі осы кезге дейін грек философтары еңбектерінің ізімен жазылған деп келсе, ирандық ғалым бұл оймен келіспейтінін айтады. Аталмыш еңбегінде доктор Пурхасан неге келіспейтінін жан-жақты ашып көрсеткен. Нақтырақ айтқанда Әл-Хуруф трактаты – Әбу Наср әл-Фарабидың еңбектерінің ішіндегі қоғамдық мәселерге, дін мен философияның ара қатынасына, тіл мен тіл арқылы үйренетін барлық ғылымдар мен олардың ішіндегі өзара қарым-қатынасқа арналған бірден-бір маңызды шығарма.
Доктор Пурхасанның пікірінше Әл-Хуруф трактаты сол кездегі қоғамның сұранысына ғана емес, бүгінгі қоғам сұранысына да толықтай жауап береді. Сол себепті Әл-Хуруф трактаты мен ғұламаның басқа да еңбектерін қайта оқып, жаңа көзқараспен зерттеу қажет деп есептейді. Бұл еңбекте әл-Фараби философ ретінде қоғамның имандылығы, адамдардың игілігі, мәдениет пен қоғамдағы билік туралы ой қозғайды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман әлемінен шыққан Әбу Наср әл-Фарабидің трактаттарын бірінші кезекте мұсылман қоғамының өкілдері өздері зерттеп, бүгінгі қажетіне жаратуы тиіс. Әл-Фарабидің мұрасы, соның ішіндегі Әл-Хуруф трактаты – айтар ойы ұшан теңіз, қоғамның барлық сұрақтарына жауап беретін, адасқан әрі азғындыққа ұшыраған қоғамды емдейтін және тура жолға салатын мұра. Ал философтар – қоғам дертін емдеушілер. Философиялық ой дамыған қоғам адаспайды және ылғи да даму үстінде болатынын бірінші рет әл-Фараби атап көрсеткен.
Қасым Пурхасан мырза ойын қорыта келе, Әл-Хуруф трактатында айтылған ойлар барлық қоғамға тән болғандықтан бұл еңбек бүкіл адамзат баласына ортақ мұра екендігін айрықша атап көрсетті. Вебинар қонағы Әбу Наср әл-Фарабидың «Әл-Хуруф» еңбегін аударып оған түсініктер жазуына сегіз жыл уақыт жұмсаған. Сонымен қатар вебинар қонағы алдағы уақытта Әбу Наср әл-Фарабидың мұрасына арнап «Ақыл және билік» атты бесінші кітапты жарыққа шығаруды жоспарлап отырғанымен бөлісті. Вебинар сұрақ-жауап және пікір алмасулармен жалғасты.
Вебинарға Шығыстану, Философия және саясаттану факультеттерінің оқытушылары, студенттері және Әбу Наср әл-Фараби еңбектерін зерттейтін және аударатын мамандар қатысты.