Қазақстан Газада атысты шұғыл түрде тоқтатуды талап етті
Қазақстан Сыртқы істер министрі Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде Палестинада атысты шұғыл түрде тоқтату керегін баса айтты.
Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мұрат Нұртілеу: "Қазақстан Израиль мен ХАМАС арасында атыс дереу тоқтатылып, Газаға гуманитарлық көмек жеткізу үшін дәліздердің ашылуын талап етіп отыр",-деді.
Мұрат Нұртілеу: "Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек дәліздерін ашу – Қазақстан дипломаттарының басты міндеттерінің бірі. Ол ешбір алғышартсыз орындалуы тиіс",-деді.
Мұрат Нұртілеудің айтуынша, қақтығысушы тараптар Батыс Азия ғана емес, бүкіл әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт келіссөздер жүргізуі тиіс. Қазақстан БҰҰ қарарларына сәйкес "екі халыққа екі мемлекет" деген формуланы қолдайды.
Қазақстан Сыртқы істер министрі: "Әлем бұрын-соңғы болмаған және болжауға келмейтін жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Бұған қарамастан, Қазақстан БҰҰ жарғысы мен халықаралық заңдарда белгіленген құндылықтар мен принциптерді ұстана отырып, теңгерімді әрі көпжақты сыртқы саясат жүргізеді",-деді.