Теһранда Шәкәрімнің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасының парсы тіліндегі нұсқасының таныстырылымы өтті
Бүгін, 11 наурыз Теһранда орналасқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Мәдени институтында Шәкәрім Құдайбердіұлының "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасының парсы тіліндегі нұсқасының таныстырылымы өтті.
21 есфанд (11 наурыз) Иран күнтізбесінде Низами Гәнджавиді ұлықтау күні деп белгіленген.
Осы атаулы күнге орай өткен "Низамимен үйлескен жүрек күйі" (Нәзм-е дел ба Низами) атты семинарда ЭЫҰ Мәдени институтының директоры Саад Хан мырза, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры әрі "Тұран-Иран" зерттеу орталығының директоры доктор Ислам Жеменей, Ходжанд мемлекеттік университетінің қоғамтану ғылымдары институтының директоры доктор Нұрәлі Нұрзат, Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің ұстазы доктор Джафар Мұхаммед Термези, Ауғанстан әдеби үйінің басқарма кеңесінің мүшесі әрі ақын Захра Захеди, ИИР Ғылым, технология және зерттеулер министрлігінің демографиялық зерттеулер институтының ғылыми кеңесінің мүшесі, университет ұстазы әрі аудармашы доктор Реза Киани, Қазақстан мәдениетін таныстырушы әрі аудармашы Гаухар Омарханова және "Херадган" баспасының директоры Сохейла Юсефи сөз сөйледі.
Семинар барысында Низами туындыларының Орта Азия елдерінде кеңінен танымал екені, аударма ісінің халықтарды жақындастыруға көмектесетіні айтылды.
Сондай-ақ ИИР Телерадио бірлестігінің қызметкері, "Құран тілі" орталығының мәдени белсендісі әрі фольклортанушы ғалым Мұстафа Раззақи мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ұстазы Гүлбақыт Құдайбергенова Шәкәрімнің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасының парсы тіліндегі нұсқасына қатысты ойларын ортаға салды.
Семинар соңында екі кітап – Шәкәрімнің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасы мен Шахин Бұхараидың "Ләйлі-Мәжнүн" кітабының парсы тіліндегі нұсқаларының тұсауы кесілді.
Шәкәрімнің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасын қазақ тілінен парсы тіліне аударған – Гаухар Омарханова.
Шахин Бұхараидың "Ләйлі-Мәжнүн" кітабын тәжік тілінен парсы тіліне аударған – Реза Киани.