Ақын-дипломат Дәуірбек Дүйсебаймен сұхбат
Жуырда Иранда ақын-дипломат Дәуірбек Дүйсебайдың «Саңылауға түскен нұр» атты кітабы жарық көрді.
Қайырлы күн! Сізді көргеніме қуаныштымын. Өзіңіздің туған күніңізге орай жаңа кітабыңыздың тұсаукесері өтіпті. Соның бір жаңалығын естиік деп тікелей келіп отырмыз. Алдымен өзіңізді бір таныстырып өтсеңіз.
- Менің аты-жөнім – Дүйсебай Дәуірбек. 1994 жылы Алматыдағы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернатты бітіргенмін. Содан кейін Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультетінде парсы тілі мен әдебиеті бөлімінде оқыдық. Бізге Өтеген Күмісбаев деген профессор мен Құдайбергенова Гүлбақыт Қализатқызы деген апайымыз сабақ берді. Парсы ақындарының өлеңдерін аудару алғаш рет сол кезде басталды деп айтуға болады. Соншалықты күшті деп айтуға келмес. Бірақ сол кезден бастап жайлап аудармаға бет бұрдым. Қатырып тастағаным шамалы, бірақ кейіннен студенттік кезде, одан кейін жұмыс істеген кездерде жайлап-ақырындап әрқайсысынан аздап аудара бастадым. Иранның ақындарынан, атап айтқанда Рудаки, Хайям, Руми, Сағди, Хафиз, Этесами деген ақындар мен ойшылдарды аз-аздап болса да, аударып беруді жөн санадым. Қалай шыққанын, қалай болғанын өздеріңіз көре жатарсыздар. Алда да басқа ақындардан аудару жағын қарастырсақ па деп ойлап отырмын.
Жаңа туындыңыз Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналыпты. Кітапқа қай жылдан бастап жазылған өлеңдер енгізілген?
- Кітап бес бөлімнен тұрады. «Жұпар» деген бөлімге кейінгі кездерде жазылған өлеңдер кірді. Одан кейін «Қысқа қайырымдар» деген бөлімде қысқа өлеңдер берілген. «Парсы поэзиясынан аз-кем аударма» бөліміне Сағдидің «Топырақпын жай ғана» деген өлеңінен үзінді алып, тақырып ретінде қойдық. 2013 жылы шыққан «Оянып кеткен ақ сәуле» деген кітап бар еді. «Таста да тіл бар» атты бөлімде содан алынған азды-кемді өлеңдер берілді. Одан кейін «Тәуелсіз сана» атты соңғы бөлімде мақалалар мен ой-пікірлер берілген. Сонымен бітеді.
Кітаптың тақырыбына байланысты бірнеше пікір естідім. «Нұр», «сәуле» деген сөздер қолданыпсыз. Алғашқысында «Оянып кеткен ақ сәуле» деген тақырып болса, енді «Саңылауға түскен нұр» деп аталып отыр. Осы екі сөз сіз үшін қандай мән-мағынаға ие?
- «Сәуле және нұр» деген сөздермен «тәуелсіздік» деген ұғымды айтсақ па деп ойлаған едік. Өзіңіз білесіз, тәуелсіздік қанша ғасырдан бері ата-бабамыздың арманы болып келген еді. Сонымен үлкен империя Кеңес үкіметі құлаған кезде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бірақ соған қатысты әртүрлі пікірлер болғанын өзіңіз білесіз. Біз енді шын жүректен қуандық. Қанша жылдан бері жарыққа шықпай, тұншығып жатқан бір сәуле сияқты болып елестеді. Империя құлаған кезде оянып кеткен сияқты күй кештік. «Саңылауға түскен нұр» дегенде саңылаудың «түйсік, сана» деген мағынасы бар. Сондықтан оны түйсікке түскен нұр деген мағынада қарауға болады.
Өте керемет! Негізі әрбір адам өзіне түскен сәуле сияқты көреді. Бірақ сіз оны кеңінен алыпсыз. Қазақстан халқын түскен сәуле екен. Біздің бұрын тұмшаланып келген сәулеміз ашылып, оянып, тәуелсіздігіміз жарқ етті деп көрсеткіңіз келіп отыр ғой.
- Иә. Дұрыс айтасыз. Кітап тәуелсіз сана туралы. «Рухани жаңғыру» деп жатыр ғой. Тәуелсіздік алғаннан кейін рухымыз жаңарып, санамыз тәуелсіздік алған сияқты болып көрінді. Сол үшін кітаптың атын осылай деп алдық. Оның қаншалықты сәтті болғанын, өздеріңіз көре жатарсыздар.
Жалпы кітап туралы айтып жіберсеңіз. Қай баспадан шыққан? Қанша данада? Қай жерден тауып алуға болады?
- Онша көп тиражда шыққан жоқ. Бастапқы кезде тек 50 данасы шықты. Ішінде бір қателер бар екен. Соны түзетіп шығарамыз деп отырмыз. Қай жерден алуға болатынын кейін айтайын.
Бұл кітап шыққаны туралы хабар таралғаннан кезде сұраушылар көбейді. Оның ішінде осы Иран қазақтарының өздеріне Иранда қазақ тілінде шыққан кітап өте қызықты болып отыр. Сондықтан егер сіз тиражын көбейтіп шығарып,тарататын болсаңыз, жалпы Ирандағы қазақтарға да, Қазақстан қазақтарына да пайдалы болар еді.
- Кітапты тағы бір рет шығарып алайық. Содан соң Горганда ашылған Абай орталығына береміз. Сол жақтағы қазақтар мен зиялы қауым өкілдеріне, аударма жасап жүрген адамдарға, әдебиетші және тарихшы аға-апайларымыздың қолына жеткізсек пе деп отырмыз.
Мына кітабыңыздың бір бөлімінде парсыша және қазақша мәтін келтірілген. Сондықтан студенттерге өте пайдалы еңбек болайын деп тұр. Парсы тілін оқып жатқан келесі буын студенттерімізге не айтар едіңіз?
- Бұл кітапты қалай қабылдайтындарын білмеймін. Айтып өттім ғой, профессор Күмісбаев ағамыздың аудармалары бар еді. Оған дейін Мұзафар Әлімбаев аталарымыздың, басқа да кісілеріміздің парсы поэзиясын қазақ тіліне аударған шығармалары бар. Олардың көпшілігі орыс тілі арқылы аударылды. Екінші тілден үшінші тілге аударған кезде поэтикалық тұрғыдан мән-мазмұнда белгілі бір деңгейде ауытқушылықтар болып жатады. Ал енді парсы тілінен қазақ тіліне тікелей аудару алдағы парсы тілі мамандарының, шығыстану мамандығын оқып жатқан қазіргі студент балалардың үлесі деп ойлаймыз. Олар бұдан да жарқын еңбектер жазып, елге еңбек сіңіреді деп ойлаймыз. Қазір шығыс тілін оқып жатқан студенттерге тек сәттілік тілейміз. Амандық-саулық тілейміз. Құдай қаласа, бұрынғы жазылған еңбектерді негізге алып, одан да асырып, керемет аудармалар жасап, өздері де соның негізінде жаңа туындылар дүниеге әкеледі деп сенеміз.
Сөздің соңында Қазақстан халқын құттықтап жіберсеңіз
- Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы келе жатыр. Бұл үлкен белес. Еліміз мәдени-рухани салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мына кітап та соған қосылса деген тілегіміз бар. Алда да осы еліміздің мәдениет және әдебиет саласында еңбек ете берсек деген ойымыз бар. Соған үлес қоссақ, үлкен бақыт болар еді деп ойлаймын.
Сұхбатыңызға рахмет!