Сауд Арабиясы мен Араб лигасы Иранға қарсы кеңістік тудыруға талпынуда
Жуырда ғана Араб лигасының Бас хатшылығына сайланған Ахмад Абу әл-Гейт бұл күндері Сауд Арабиясының іс-қимылдарын қолдайтын сөздер айтып, саудиялықтардың шиеленіс тудырушы саясатын түсіндіруге тырысуда.
Ол сейсенбі күні «әл-Арабия» телеарнасына берген өзінің алғашқы сұхбатында бірнеше күннен соң Мавританияда өтетін Араб лигасына мүше елдер басшыларының саммитының күн тәртібі туралы: «"Ираннан туындаған қатерлер" деп аталатын тақырып осы саммиттің күн тәртібіне қойылған. Бахрейн де осы мәселені талқылауды қалайды. Араб лигасы Бас хатшысының сөзін сынайтын кез-келген адам шын мәнінде Араб лигасының өзін сынға алған болып саналады. Мен арабтар мен Араб лигасының ерік-жігерін жеткізуге тырысамын»,-деп баса айтты. Осы сөздермен бір мезгілде Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Иран, Ирак, Сирия мен Ливан Хезболласына қарсы әбден жауыр болған уәждерін қайталап: «Сауд Арабиясы Иранға қарсы ештеңе істеген жоқ»,-деген уәж айтты. Адель әл-Джубайр Сауд Арабиясының аймақтағы лаңкестікке қолдау көрсетудегі айқын рөлін жасырып қалу үшін: «Иран Сирия, Ирак, Кувейт, Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Йемендегі лаңкестік пен бүлікшіл әрекеттерді қолдайды. Осы мәселе тайпааралық шиеленістің туындауына соқтырды»,-деді. Осы уәждерді талқылауда екі мәселеге көңіл аудару керек: бұл әрекеттер алдын ала ұйымдастырылған және «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан кейінгі кезеңде Иранды оқшауландыру саясатын жалғастыру мақсатында жасалып отыр. Бірінші мәселе – ядролық келісімнен кейін Иранның зымырандық күш-қабілетін қауіп деп көрсету. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты жуырдағы есебінде де бұл айқын көрінді. БҰҰ Бас хатшысы есебінің бір бөлігінде Иранның зымырандық бағдарламасы ядролық келісімнің рухына қайшы келеді деген уәж айтылған. Бұл уәждер Иран тарапынан кесімді түрде теріске шығарылды. Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы: «БҰҰ Бас хатшысы есебінің бұл бөлігі толығымен қасақана әрі АҚШ-тың қысымымен дайындалған»,-деді. Араб лигасы Бас хатшысы мен Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрінің қасақана сөздерін БҰҰ Бас хатшысының қасақана есебімен бір мезгілде сараптаудан көрінетін екінші мәселе – Иранды аймақтық өзгерістерден тысқары қалдырып, оны қолдан жасалған түйткілдермен айналысуға итермелеу. Бұл әрекеттер Иранға қарсы сценарий дайындаудың бірнеше қыры барын көрсетеді. Бұл уәждер бұдан бұрын ядролық тақырып пен Иранның ядролық бағдарламасын қауіп деп көрсетудің айналасында өрбитін, алайда ядролық келісімге қол жеткізілген соң аздап бәсеңдеген еді. Енді уәждер «Иранның зымырандық бағдарламасы аймақтың қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген тақырыптың айналасына шоғырланып отыр. Мәселе мынада: Сауд Арабиясы аймақта амбицияға толы саясатты көздейді, сол себепті Йеменге соғыс ашты. Сирия, Бахрейн мен Ливанда да эр-Рияд өзінің бүлдіргі араласушылығы арқылы дағдарыс тудырып, жағдайды ушықтырып жіберді. Сауд Арабиясы Йеменге әскер кіргізу, ДАИШ-тың тәкфирлік-сионистік лаңкестеріне қаржылай және қару-жарақпен көмектесумен қоса, Бахрейнде де халықты айуандықпен басып-жаншуға қатысты. Эр-Рияд қазір өзін аймақтық өзгерістер саласындағы саяси ойында жеңіліс табушы санайды, сондықтан Араб лигасының мүмкіндіктерін аймақта дағдарыс тудыру және Иранмен қарсыласуға жұмсауға күш салуда. Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі мен Араб лигасы осыдан бұрын Сауд Арабиясының қысымымен Хезболланы лаңкестік топтардың тізіміне енгізді. Бұл әрекет сионистік режимді қуантты. Алайда сауал мынада: Сауд Арабиясының бұл әрекеті оның өзіне қаншалықты көмектесе алады? Саяси бақылаушылардың сенімінше, Сауд Арабиясын өзі тудырған түйткілден шығаратын жалғыз жол эр-Риядтың қатынасын өзгерту және өткен қателіктерін түзету болып табылады.