Түркия қайтадан Сирияның жеріне аяқ басты
Түркия басшылары өткен үш күнде лаңкестік топтарға тәуелді 1000 шақты қарулы адамға Алеппоға жету үшін Сирия жеріне кіруге рұқсат етті.
Бұл адамдар Идлиб облысына кіріп, Алеппоның оңтүстігіндегі Сирия әскеріне қарсы соғысқа қатысу үшін «Джейш әл-Фатх» коалициясына қосылуды мақсат етуде деп айтылуда.
Сирияда шығатын «Әл-Ватан» газетінің жазуынша, жергілікті және «Джейш әл-Фатх» коалициясына жақын көздер аталмыш газетке: «Түркияның шекарасындағы күштер бұл адамдардың өтуіне көңіл бөлмеді. Олардың арасынан арабтарды да, араб еместерді де кездестіруге болады. Олардың барлығы Аллеппоның оңтүстігі мен оңтүстік-батысына аттануда» деп хабарлаған.
Бұл мәліметтің Түркия қырғи ұшақтарының Сирияда ДАИШ-ке қарсы шабуылдарын қайтадан бастау туралы хабардың жарық көруінен тек екі күн өткен жағдайда жариялану саяси топтарды қызықтырып отыр. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы халықаралық коалиция негіздері бойынша Түркияның әскери ұшақтарының ДАИШ-ке қарсы Сириядағы әрекеттерін қайтадан бастағанын растап: «Алдағы кезеңде Түркияның әскери ұшақтары ДАИШ-ке қарсы әскери әрекеттерге қатысады»,- деп мәлімдеді.
Анкара үкіметінде мұндай ұстаным Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоғанның Ресей сапарынан кейін қалыптасты. Түркия үкіметінің Сириядағы өзгерістерге қатысты әрекеттері Ресеймен ақылдасып реттелді деген ой туады. Бірақ Сирияның саяси топтарының пікірінше Сирияның заңды үкіметінің қарулы қарсыластарына көмектесу Түркия мен Сирияның келісімі болуы мүмкін емес. Түркия өзінің белсенді дипломатиясымен Сириядағы өзгерістер майданына қайтып оралып, осы салада Мәскеудің назарына алынды. Мұндай жағдайда Түркия әскери ұшақтарының ДАИШ позицияларына шабуыл жасауға кешігуі мен керісінше Түркияның «Джейш әл-Фатх» сынды басқа лаңкестік тобына көмектесуге асығуы байқалды. Бұл топ Сирияның орталық үкіметіне қарсы қарулы және лаңкестік топтардың қатарына кіреді. Майданда көптеген сәтсіздіктерге ұшырады.
Сирияның «Әл-Ватан» газеті өз мәлімдемесінде Түркия президентінің Ресейге берген міндеттемелерін орындамағанын қуаттады. «Әл-Ватанның» жазуынша, Сергей Лавров германиялық әріптесі Франк Вальтер Штайнмайермен Ресейде өткізген ортақ ақпарат отырысында: «Мәскеу мен Анкара Түркия мен Сирия арасындағы шекараларға, яғни лаңкестердің әрекеттері мен олардың Сирияға кіруіне халықаралық бақылау орнатуға келісті»,- деп қуаттады.
Кемінде 1000 лаңкестің «Джейш әл-Фатх» коалициясына қосылып, Сирияның үкіметтік күштеріне қарсы соғысқа қатысу үшін Сирия жеріне кіруі туралы хабардың жариялануы Түркияның Ресейге берген уәделеріне қайшы келеді. Түркияның үкіметтік көздері лаңкестердің бұл елдің жерінен Сирияға кіруі туралы хабарға реакция білдірмеді. Дәл осы мәселе Түркияның Сириядағы өзгерістерге қатысты өз саяси ұстанымдарына қайтуға қатысты алаңдаушылықтарды арттырды.
Осыған орай Түркия ДАИШ позицияларына қарсы шабуылдарын жасау үшін Мәскеуден Сирия жерінде әрекет жасауға рұқсат алды, бірақ іс жүзінде Башар Асад үкіметіне қарсы басқа лаңкестік топтарды күшейтуді көздеуде деп айтылуда. Егер Ресей мен Түркия бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған келісімнен басқа келісімдерге келген болмаса, бұл мәселе Мәскеудің теріс реакциясына себеп болуы мүмкін.