Рухани Башар Асадты құттықтады
ИИР Президенті Сирия халқы мен армиясының лаңкестік топтарды жеңіп, Алеппоны азат етуімен құттықтап: «ИИР өзінің адами және исламдық міндеті ретінде әрдайым Сирияның дос, бауыр халқының қасынан табылып, жараланғандар мен босқындарға көмектесуге асығады»,-деп баса айтты.
Иран Президенті аппаратының баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Хасан Рухани сәрсенбі күні кешке Сирия Президенті Башар Асадпен телефон арқылы сұхбаттасып, ИИР-ның лаңкестердің Сириядан толық шығарылғанына дейін осы елдің үкіметі мен халқының жанында болатынын қуаттап: «Өз жерін тәкфиршіл лаңкестер мен басқыншылардан азат етуге талпынып жатқан күрескерлерге қолдау көрсетуді Иран өзінің міндеті санайды»,-деді.
Рухани, сондай-ақ, бүгінде әлемдік қауымдастық міндетінің Сирияның жапа шеккен халқына көмектесу екенін айтып: «Қазіргі жағдайда Сирияның жапа шеккен халқына қарайласу керек. Енді адам құқығын қорғаушы барлық елдер үшін үлкен сынақ болады»,-деді.
Сирия Президенті Башар Асад осы телефон арқылы сұхбатта Иран халқы мен үкіметінің лаңкестер мен олардың демеушілерімен күресте риясыз қолдауына алғыс айтып: «Иран халқы мен үкіметі ең ауыр кезеңдерде Сирия халқы мен үкіметінің жанында болды. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз»,-деді.
Сирия Президенті, сондай-ақ, Иранның Сирия халқына, әсіресе Алеппо қаласына дәрі-дәрмек пен азық-түлік жіберуге әзірлігін мәлімдегені үшін алғыс айтты.