Ердоған Сауд Арабиясының королін жағымпаздана мақтады
Түркия саудиялық корольге мұқтаж болмаса да, бұл елдің президенті әрі басқарушы партияның басшысы Режеп Тайып Ердоған жағымпаз, екіжүзді сөздерімен Сауд Арабиясының королі туралы сөйледі.
Режеп Тайып Ердоған Түркия Мәжілісінде Әділет және даму партиясы фракциясының алдында сөйлеген сөзінде саудиялық корольді "Парсы шығанағының ұлы тұлғасы" деп атап, оның өзі мен одақтастарынан Катарға салған санкциялардың күшін жоюды сұрап: "Бір елге, яғни Катарға қарсы өлім жазасы үкімі шығарылды. Менің ойымша, қасиетті мешіттердің қызметшісі, яғни Сауд Арабиясының королі Парсы шығанағының ұлы тұлғасы ретінде бұл ісін доғарып, осы шеңберде қадамдар жасағаны жөн",- деді.
Бұл – Түркия президентінің Сауд Арабиясы королін алғаш рет жағымпаздана әрі екіжүзділікпен мақтауы. Ал Ердоғанның жеке тұлғасы мен оның ішкі және сыртқы мәселелерге қатысты жүзеге асыратын саясаттарына назар аударатын болсақ, сарапшылардың пікірінше, Түркия мен Сауд Арабиясының мүдделері бір-біріне қайшы келетін жағдайда ол Рияд үкіметіне қарсы позиция ұстануға дайын. Әсіресе, Рияд үкіметі басшылары мен бұл елдің Парсы шығанағындағы араб одақтастары бұл елдің әскери демеушілерінің бірі ретінде Түркияның көмек көрсетуін күтеді. Сол себепті, Түркия президентінің Сауд Арабиясы королінен осындай нәрсені сұрауы ойландыратын жағдай. Осы орайда Түркия әскері бас штабының қолбасшысы: "Маусымның он екісі, дүйсенбі күнгі Түркия қарулы күштерін Катарда орналастыру туралы келісімді жүзеге асыру негізінде үш әскери адамнан тұратын делегация Катарға аттандырылды. Жүктелген міндеттерге сәйкес, бұл делегация әскери күштерді Катар территориясына орналастыру үшін барлау және үйлесімдік жұмыстарын атқармақ",- деп хабарлады. Түркия әскери күштерін Катарда орналастырудың сыртқы қатерлермен, әсіресе Сауд Арабиясының қатерлерімен күресу мақсатында екені айдан анық.
Осындай жағдайда Түркия президентінің сөздерін былай түсінуге болады: Ердоғанның саудиялық корольге қаратып айтқан сөзіне қарамастан, ол жанама түрде Арабстан мен оның одақтастарына қоқан-лоққы жасады. Мысалы, Ердоған Сауд Арабиясы мен оның одақтастарының Катар мен сол елдің азаматтарына қарсы жан-жақты санкция салуын бұрыс әрекет деп атады. Ол сондай-ақ, Катар халқына қарсы азық-түлік тұрғысынан бастап, сауда-саттық және ғибадатқа дейін санкция салуын адамгершілікке және мұсылмандыққа жатпайтын әрекет деп сараптады. Мұндай ұстанымдар Ердоғанның саудиялық корольге жағымпазданған сыңаймен оған және оның одақтастарына тұспалдап қоқан-лоққы жасағанын көрсетеді. Саяси мәселелер сарапшысы Атилла Йесилада әл-Джазира арнасының дөңгелек үстелінде: "Түркия Катармен сыртқы саясаттың көптеген аспектілері бойынша келіседі. Ердоған Риядтың Дохаға қарсы сылтау іздеуін қабылдамайтынын тура мәлімдеді",- деді. Бұл саяси сарапшының ойынша, Катар мен Түркия Палестина, Мысыр, ХАМАС қозғалысы және «Мұсылман бауырлары» топтары секілді мәселелерде толығымен бағыттас ұстанымдарға ие. Бірақ бұл Түркияның Сауд Арабиясымен өз қарым-қатынасын қатерге төндіргісі келеді деген мағынаны білдірмейді.
Бұл түрік сарапшысының сөзі Түркия үкіметінің Сауд Арабиясы короліне тәуелді емес, керісінше басымдылыққа ие екенін көрсетеді.