ДАИШ-тың әскери ғұмыры аяқталды
Ирактың премьер-министрі Хайдер әл-Абади кеше кешке Нейнава облысына келіп, Мосул қаласының ДАИШ лаңкестерінен толық азат етілгені туралы хабарлады.
Нейнава облысының орталығы Мосул қаласы 2014 жылдың маусым айында ДАИШ лаңкестері басып алған сүниттер мекен ететін Ирактың үш маңызды облыстарының біріне жатады. Бүгінде бұл маңызды әрі стратегиялық қаланың жеңісін Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абадидің үлкен жетістігі деп білген жөн. Бұл жеңістің маңыздылығы соншалықты, тіпті кейбір араб елдерінің ақпарат құралдары, соның ішінде Al Mayadeen арнасы Мосулдың азат етілгені туралы хабарлады.
ДАИШ-ты жеңу мен ДАИШ-тың Ирактағы құрылымын жою бұл ел үшін үлкен оқиға және бетбұрысты кезең саналады. Бұл кезең бірнеше факторлармен байланысты: алғашқы фактор рухани қайраткер аятолла Систанидің ДАИШ-пен күресу үшін халықтық ерікті күштерді құру туралы пәтуасы болды; екінші фактор – Ирактағы түрлі топтардың соңғы жылда саяси келіспеушіліктерді уақытша ұмытып, шетке ығыстыруы. Бұл әрекет әл-Абади үкіметінің елдегі басым мәселе ретінде ДАИШ лаңкестігімен күресуді басты назарға алуына себеп болды. Бұл мәселедегі үшінші фактор ретінде Иракта ДАИШ-пен күресте аймақтық және халықаралық деңгейдегі қолдау мен көмек көрсетуді атауға болады. Иракқа ДАИШ лаңкестігімен күресуде ең көп көмек көрсеткен елдің ИИР екені шәксіз. Бұл тақырыпты Ирак Жоғары исламдық кеңесінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Сейед Моһсен Хаким де баса айтқан болатын. Осыған байланысты Сейед Моһсен Хаким ДАИШ-тың көзін құртудағы үш фактордың басқа факторларға қарағанда маңыздырақ екенін айтты. Үш фактордың қатарына аятолла Систанидің пәтуасы, Ирак халқы мен жастарының ДАИШ-ке қарсы көтерілуі мен ИИР-дың маңызды көмектері жатады.
Тағы бір айта кететін жайт, Мосул қаласының толығымен азат етіліп, бұл істің ДАИШ-тың Иракта географиялық тұрғыдан ұтымдылықтан айрылғанын білдіргенімен, ДАИШ-тың үш жыл бойы Ирактың кейбір аймақтарындағы халықтың мәдениеті мен болмысына нұқсан келтіргені айдан анық. Сол себепті Бағдад үкіметі ДАИШ-тан кейінгі кезеңде заң бұзушылықтар мен нұқсан келтірудің куәсі болмақ. Бұл нұқсан келтірудің салдарын азайту үшін бар назар осы іске шоғырланып, ауытқыған қылықтар мен әрекеттерден аулақ болуды талап етеді. Осыған байланысты, Ирактағы Иранның бұрынғы елшісі Хасан Данаифар: "Әскери ДАИШ-тың ғұмыры аяқталды. Бірақ, ой-санаға әсер ететін ДАИШ-тың ғұмыры әлі жалғасуы мүмкін",- деді.
Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Сейед Мұхаммад Садық Харази: "ДАИШ-тың белгілі бір идеология мен мәдениетке айналған қауіп екеніне назар аудару қажет. Егер қарсыласу шебі өз күресін жалғастырмайтын болса, ДАИШ тағы да аймаққа зиян келтіруі мүмкін. Сол үшін Ирактағы осы сирек әрі теңдессіз оқиғаны, яғни баршаның бірлігін сақтап қалу керек",- деп мәлімдеді.
Сонымен, Мосулдың азат етілуі үлкен жетістік. Оны сақтап қалу оған қол жеткізуден гөрі қиынырақ болмақ. Ал Күрдістанның тәуелсіздігін алуы жөнінде референдум өткізу немесе үкіметке қарсы наразылықтардың қайта басталуы мен оның кейбір топтар арқылы басқарылуы секілді бөлінушілік мәселелердің көтерілуі кейбір адамдар мен ағымдар, әсіресе Баас партиясы тарапынан арам пиғылда пайдаланылып, кейбір мүшелері Иракта әлі де болуы мүмкін лаңкестік топтарға қайта жандану үшін тағы мүмкіндік беруі мүмкін.