Израиль – араб елдері арасындағы текетірестің жеңімпазы
https://parstoday.ir/kz/news/west_asia-i28954-Израиль_араб_елдері_арасындағы_текетірестің_жеңімпазы
Израиль араб елдері арасындағы текетіресті өзінің мақсаттарына жету үшін пайдаланады.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Шіл 14, 2017 14:57 Asia/Almaty
  • Израиль – араб елдері арасындағы текетірестің жеңімпазы

Израиль араб елдері арасындағы текетіресті өзінің мақсаттарына жету үшін пайдаланады.

Сионистік режимнің Барлау министрі Исраэль Кац сәрсенбі күні 12 шілдеде: "Израиль қазір Иордания мен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы шекара аймағында орналасқан темір жол желісін дамыту бағдарламаларын ілгерілетуге дайын. Бұл темір жол желісі Иордания мен Сауд Арабиясын кесіп өтіп, Парсы шығанағына жетеді",-деп хабарлады.

Израиль Таяу Шығыс аймағында болып жатқан оқиғаларға риза, өйткені араб билеушілерінің саясаттары мен үлгілерінің арқасында сионистік режимнің мүдделері басқа кезден көбірек қамтамасыз етіліп отыр. Израильдің Таяу Шығыстағы ең маңызды стратегиясын ислам елдері арасында қайшылықты жалғастыру деп атауға болады. Израиль текетіреске толы ортада өзінің саясаттарын нық ілгерілетіп, қарсыласушы тараптардың біріне жақтасу арқылы өзінің байланысын жақсартады. Осыған орай арабтардың наразылықтары Израиль үшін бір қатер болғанымен, наразылықтардың АҚШ тарапынан басқарылуы және оның  араб елдері ішінде лаңкестік соғысқа айналуы Израильге қатердің мұрсатқа айналуына себеп болды. Израиль араб елдерінің қарсылықтары мен наразылықтарына ұшырамай-ақ, палестиналықтарға қарсы қылмыстарын жалғастыруда. Сол себепті әл-Ақса мешітінің қолжазбалар орталығының басшысы Наджех Бакират сионистік режимнің Құдсты еврейлендіруге 15 млн доллар бөлгенін айтты. Шын мәнінде, Израильдің Құдсты еврейлендіруді қарқынмен жалғастыруына себеп болған нәрсе бұл режимнің араб елдері, әсіресе Сауд Арабиясымен қарым-қатынасының дұшпандықтан достыққа өзгергені екені баршаға мәлім.

Қазіргі таңда Израиль АҚШ-тың шоқ салуымен Катар мен араб елдері арасында туындаған текетірестің жалғасуын өзінің мүддесіне сай санайды. Өйткені, Катар араб елі ретінде Израильдің үш дұшпаны – ХАМАС, "Мұсылман бауырлар" партиясы және ИИР-мен жақсы қарым-қатынаста.  Араб елдерінің Катарға ХАМАС пен ИИР-мен қатынасын үзіп, "Мұсылман бауырлар" партиясының мүшелерін елден қуып шығу туралы қысым жасауы –  Израильдің мүдделерін қамтамасыз ететін тақырып. Осыған орай Бен Каспит "әл-Монитор"-да жарияланған "Катар-Сауд Арабиясының қайшылығы Израильдің мүддесіне сай бола алады" атты сараптамасында: "Израиль басшылары Катар-Сауд Арабиясы қайшылығының өршуін қолдайды, өйткені бұл мәселе Израиль-Сауд Арабиясы байланысының нығаюына себеп бола алады",-деп жазды.

Саяси және қауіпсіздік мақсаттармен бірге Израильдің экономикалық мақсаттары да араб елдері ішіндегі текетірестің жалғасуынан қамтамасыз етіледі, өйткені Израильдің араб елдерімен, әсіресе Сауд Арабиясымен саяси жақындығы бұл режимнің өзінің экономикалық жобаларын да ілгерілетуіне себеп болады. Сауд Арабиясы израильдік компанияларға Парсы шығанағында сауда жасауға рұқсат берді. Израильдің "El Al" әуе компаниясының ұшақтары бұрынғыдай Сауд Арабиясының әуе кеңістігін пайдалана алады. Бұдан бұрын да Израильдің Туризм министрі араб елдерімен қарым-қатынасты кеңейтудің жолы ретінде емдік туризмді дамыту қажеттігін айтқан болатын.

Қорытындылай келе айтарымыз,  кейбір араб елдерінің, соның ішінде Сауд Арабиясы басшыларының Йеменге қарсы соғысқа, ИИР-мен текетіреске және араб елдері арасында қайшылыққа әкеліп соқтырған саяси таяздығы Израильдің осы текетіресте жеңімпаз атануына себеп болды.