Иран мен Түркия қауіпсіздік саласында ынтымақтастық жасау қажеттігін қуаттады
https://parstoday.ir/kz/news/west_asia-i30012-Иран_мен_Түркия_қауіпсіздік_саласында_ынтымақтастық_жасау_қажеттігін_қуаттады
Жоғары шенді әскери басшылар делегациясын бастап, Түркияға сапар шеккен Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы сардар генерал-майор Мұхаммад Бағери сәрсенбі күні кешке Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: "Екі ел барлық салаларда, әсіресе әскери және қорғаныстық саладағы қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі",- деп мәлімдеді.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Там 18, 2017 16:24 Asia/Almaty
  • Иран мен Түркия қауіпсіздік саласында ынтымақтастық жасау қажеттігін қуаттады

Жоғары шенді әскери басшылар делегациясын бастап, Түркияға сапар шеккен Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы сардар генерал-майор Мұхаммад Бағери сәрсенбі күні кешке Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: "Екі ел барлық салаларда, әсіресе әскери және қорғаныстық саладағы қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі",- деп мәлімдеді.

Қорғаныс саласындағы екіжақты қарым-қатынастар, аймақтағы өзгерістер, лаңкестікпен күрес және шекаралық ынтымақтастық генерал-майор Бағеридің Түркияның лауазымды тұлғаларымен, әсіресе өзінің түркиялық әріптесі Хулуси Акармен сұхбатының негізгі тақырыптарының қатарын құрады.

ИИР Қарулы күштері Бас штабының басшысы сәрсенбі күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Теһран мен Анкараның аймақтағы кейбір қауіпсіздік мәселелеріне байланысты көзқарастары әртүрлі, тіпті кейде бір-біріне қарама-қайшы болғанымен лаңкестікпен күрес мәселесі мен қоғамды қауіпсіздікпен қамтамасыз ету қажеттігі олардың ортақ көзқарасы саналады. Иран мен Ресейдің де бүкіл аймақтық тақырыптарға қатысты көзқарастары бағыттас болмаса да, олар тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау және лаңкестікпен күрес секілді маңызды мәселелерге қатысты бірдей түсінікке ие. Иран мен Ресейдің қауіпсіздік мәселелерге қатысты интеграциясы бүгінде Сирия дағдарысын шешуге бағытталған келіссөздер үдерісін алға ілгерілетіп, Сириядағы ДАИШ және басқа лаңкестік топтармен күрес майдандарындағы ілгерілеумен қатар Астана келіссөздерін Женева келіссөздеріне жетеледі. Бұл жетістік Иран мен Ресейдің тікелей рөлі және Түркияның Мәскеу келіссөздеріне қосылуы арқылы қалыптасқан бастама аясындағы талпыныстардың жемісі саналады.

Түркия Сириядағы жүйені өзгертуді өзінің қауіпсіздік мүдделері шеңберінде түсіндірді. Бірақ, Түркияның өзінің де бұл есептеулердің қате болғанына көзі жеткен секілді. Қазір көрші елдер арасында өзара әрекеттестік үшін жаңа жағдай пайда болды. Сонымен қатар, Ирак мәселелеріне қатысты, әсіресе Ирактың Күрдістан аймағында референдум өткізу мәселесіне байланысты Иран мен Түркияның ұстанымдары бір-біріне жақын әрі ұқсас.

Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы: "Референдум өткізу туралы мәселе Ирак, Түркия мен Иран елдеріндегі жағдайды шиеленістіріп, соғыс отын өрбітеді. Сол себепті, екі ел басшылары бұл істің жүзеге аспау қажеттігін қуаттап отыр",- деді.

Сарапшылардың пікірінше, аймақтағы саяси және қауіпсіздік саласындағы өзгерістер алаңдатарлық мәселелер мен түйткілдерге айналды. Саяси бақылаушылар Иран мен Түркияның әскери саладағы сұхбаттасулары мен келісімдерін аймақта жаңа теңгерімдерді орнату мен Батыс елдерінің жоспарларымен күресу шеңберінде бағалап отыр.