Күрдтердің бөлінуі жөніндегі референдум қорқынышты қателік болады
Түркия Республикасының ақпарат хатшысы Ирактан Күрдістан аймағының бөлінуі жөніндегі референдумның қорқынышты қателік болатынын, егер тез арада тоқтатылмаса, аймақта жаңа дағдарыстардың пайда болатынын айтты.
Ибрагим Калын Twitter-дегі жазбасында: "Егер бөлініп шығу референдумы тоқтатылмаса, шынайы салдарларға соқтырады. Эрбиль аймаққа жаңа дағдарыстар әкелетін қорқынышты қателіктен дереу бас тартуы керек",-деді.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған жұма күні кешке Ирактың Күрдістан аймағының басшысы Масуд Барзаниге қоқан-лоққы жасап, бұл аймақты бөлу жөніндегі референдумды қателік деп атады.
Ердоған Ирақ жерінің тұтастығын сақтауды Түркияның айқын ұстанымы деп атап, Иранның да дәл осындай көзқарасқа ие екенін айтып: "Егер Барзани тәуелсіз елді жариялағысы келсе, ешкім оған оңайлықпен келісе қоймайды",-деді.