Ираннан қорқыту – саудиялықтар мен сионистердің өзара байланыстарды кеңейту үшін сылтауы
Сионистік орталар Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммад бен Салманның сионистік режиммен қарым-қатынас орнатып, кеңейту мақсатында жасалған талпыныстар аясында өткен қыркүйекте жасырын түрде басып алынған Палестина жеріне сапармен барғанын мойындады.
Осы арада өзара қарым-қатынасты қалыпты жағдайға енгізу үстіндегі сионистік режим мен кейбір араб елдері, соның ішінде Сауд Арабиясының қоғамдық пікірге осы байланысты түсіндіру үшін тігісі мәлім Ираннан үркіту мәселесін күн тәртібіне қоюы ойландыратын жағдай. Мұхаммад бен Салман өз әкесі Сауд Арабиясының королі Малек Салман тарапынан жасалған төңкеріс нәтижесінде осы елдің тақ мұрагері болып тағайындалған соң Сауд әулеті режимінің Израильмен қарым-қатынас орнатып, оны дамытуға бағытталған әрекеті қарқындай түсті. Сауд Арабиясы аймақтағы жік тудырып, іріткі салуға бағытталған қасақана мақсаттарына жету жолын осындай ерекшеліктерге ие сионистік режиммен әріптестік жасаудан іздестіріп отыр. Осы тұрғыдан Сауд әулеті біраз уақыттан бері Израильмен көбірек әріптестік жасау және Батыстың аймақтағы мүдделері аясында бітімгерлікті ілгерілету жолын жеңілдету тәсілдерін іздестіріп жатыр.
Таяу Шығыс аймағында оқшау қалып отырған сионистік режим Исламға қызмет етушіміз деп уәж айтатын Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын жариялау арқылы ислам елдері арасында осы режиммен байланыстан жасқануды қойып, олармен қарым-қатынас орнатып, оқшаулықтан шығуды көздейді. Таяу Шығыс аймағындағы қуат көздерін, соның ішінде мұнай көздерін иелену – Израильдің Сауд Арабиясы және жалпы аймақтың мұнайлы елдерімен, әсіресе Парсы шығанағы маңындағы араб елдерімен қарым-қатынасын кеңейтуден көздейтін мақсаттарының бірі. Ал негізі Сауд Арабиясы, Израиль мен Батыс елдері әріптестігінің аймақтық және халықаралық өшпенділіктерді тудырғаннан басқа ештеңесі жоқ. Сауд Арабиясы сионистік режим құрылғаннан бері бұл режиммен ресми қарым-қатынас орнатпағанымен, әрдайым жасырын түрде басқыншы режиммен байланыста болып, оның аймақтағы саясаттарына жақтасып отырды. Сауд Арабиясы сионистік режимнің ислам әлемінің бірінші дәрежелі ортақ дұшпаны болып отырған жағдайда Израиль режимімен ынтымақтастықты дамыту жолында қадам жасауда. Сауд Арабиясы мен Израильдің аймақта сионизмге қарсы шығып отырған қарсыласу қозғалысын әлсірету мақсатында онымен жауласу саясаттарын ілгерілетуге күш біріктіруі және лаңкестерді қолдау жолындағы әріптестігі осы екі режим қарым-қатынасының қауіпті қырларын көрсетеді. Осындай жағдайда Сауд Арабиясы мен Израиль өзара қарым-қатынастарының кеңейгенін түсіндіру үшін аймақта өздері тудырған қауіп-қатерлердің кінәсін өзгеге жауып, қоғамдық пікірді бұл шындықтан алдарқату мақсатында жұртты алдауға арналған Ираннан үркіту жобасы аясында Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың Иранға қатысты жалған уәждерін күшейтуді көздейді. Сауд әулеті мен сионистік режимнің өздері АҚШ сияқты Таяу Шығыс аймағындағы әртүрлі елдердің ішкі істеріне араласып, басқыншылық жасап, тынышсыздық, қатігездік пен лаңкестіктің бүкіл аймаққа таралуына себеп болған жағдайда осы режимдердің қайраткерлері аймақта Ираннан үркіту саясатын ілгерілетіп жатыр.