Сейед Хасан Насролла: Трамп Құдсқа қатысты шешімін жариялағаннан кейін оқшау қалды
Ливан Хизболласының Бас хатшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың Құдсқа қатысты шешімін жариялағаннан кейін оқшауланғанын, тек сионистік режимнің ғана оны қолдағанын айтты.
Ливан Хизболласының Бас хатшысы Сейед Хасан Насролла дүйсенбі күні Бейруттің оңтүстігіндегі Захиеде Құдсты қолдауға қатысты шеру аяқталған соң: "Араб және ислам елдері Құдсқа қолдау көрсетуге арналған шерулердің басқыншыларға қарсы тұру үшін өте маңызды екенін білуі керек. Өйткені, шерулер мен әртүрлі жиындарға қатысу – Құдсқа қатысты АҚШ-ның шешімі мен басқыншыларға қарсылық білдіру жолдарының бірі. Трамптың шешімінен кейін АҚШ-тың лаңкестіктің қолдаушысы әрі ДАИШ-ты құрушы екенін түсінетін уақыт келді",- деді.
Ливан Хизболласының Бас хатшысы сондай-ақ ортақ стратегияны анықтау үшін қарсыласу шебінің бірлігі мен біртұтастығы қажет екенін қуаттап: "Трамптың шешіміне қарсы ең маңызды жауап – Палестинаның бүкіл аймақтарында үшінші интефазаны жариялау. Құдс – Палестинаның мәңгілік астанасы. Бұл ұстанымнан бас тартпаймыз. Егер палестиналықтар өздеріне қарсы қысымдарға қарамастан Трамптың шешіміне қарсылық білдіріп, Құдстың Палестинаның мәңгілік астанасы екенін қуаттаса, ешбір адам олардың жерлерін тартып ала алмайды",- деп баса айтты.