Жел 14, 2017 19:14 Asia/Almaty
  • Иран сионизммен күресу үшін бірлесу қажеттігін қуаттады

ИИР Президенті Хасан Рухани кеше Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының төтенше отырысында АҚШ Президентінің Бейт ул-Мұқаддасқа қатысты бассыздық қатынасы себептерінің тамырына тоқталып, оны аймақтың кейбір елдерінің Құдсты басып алған режимге жақтасуға талпыныс жасауынан туындап отыр деп сараптады.

Рухани ислам әлеміндегі кейбір елдердің сионистік режимге жақтасу үшін жасап жатқан талпыныстарына тоқталып, мұның Ираннан үркіту жобасы аясында орындалып отырғанын айтты.

ИИР Президенті АҚШ елшілігін Бейт ул-Мұқаддасқа көшіру тақырыбына қатысты: "Менің ойымша, осындай шешімнің қабылдануына себеп болған нәрсе кейбіреулердің сионистік режиммен байланыс орнатуға және олармен әріптестік пен үйлесімділік жасауға талпыныс жасауы болды. Олар сионистердің қоқан-лоққыларымен күресудің орнына АҚШ пен сионистік режимге жақтасып, Палестинаның болашағына жоспар құрып отыр. Бұл жоспар орындалған жағдайда сионистер Палестинаны біржолата басып алады",-деді.

Аймақтағы кейбір елдер мен трансаймақтық ойыншылар тарапынан көзделіп отырған ислам әлеміндегі жікшілдік  саясаты бұл аймақтың басты мәселесін Палестинаны азат ету емес,  Иранның артып келе жатқан құдіретінен қорқыту деп таныстыруға күш салып жатыр. Бұл есептемедегі қателік кейбір бағынышты режимдердің сионистік режиммен күресте бірауыздылықты сақтаудың орнына Тель-Авивпен жақындасуды ойлап, ислам әлемінің әлсіреуіне жағдай жасауына себеп болып отыр. 

Осындай шараның үлгісі Халифе әулеті тарапынан сионистермен келіссөз жүргізу үшін басып алынған Палестина жеріне делегацияның жіберілуі болды. Бұл стратегия Бахрейн үкіметінің мұсылмандардың жанынан табылудың орнына Палестина халқының интифазасына арқадан қанжар салатынын көрсетті.

Бұған қарамастан, Хасан Рухани кешегі отырыста  Палестина мәселесіне қатысты ислам елдері арасында бірліктің сақталуы қажеттігін айтып: "Кейбір мәселелерде қайшылықтарымыз болса да, Құдс пен Палестинаның арманын қорғауда қайшылығымыз болмауы тиіс. Ислам әлемінің барлық қиындықтарын диалог арқылы шешуге болады. Исламдық бірлік арқылы ғана ислам үмбеті мен Құдстың құқығын қорғауға болады",-деді.

Руханидің бейбітшілікке шақыруы оның осы аптада Ислам Кеңесі Мәжілісінің ашық отырысында Теһран мен эр-Рияд арасындағы  қайшылықтарды шешу үшін екі шарт қойған жағдайда айтылды. Екі шарттың бірі Сауд режимінің сионистік режиммен жасырын қарым-қатынасын үзуі, екіншісі Йемен халқын бомбалауды доғаруы болды.

Сондықтан ислам әлеміндегі бірлік пен тілеулестіктің алғышартының аймақтағы реакционерлік елдердің сионистермен ашық, жасырын қатынастарын үзуі екендігі мәлім болып отырған жағдайда ИИР Президенті Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының төтенше отырысында ислам әлемінде бірлікті сақтап, диалог жүргізуді ұсынды. Сионистер қайшылықтардың отын лаулатып, Палестина мәселесін ислам елдерінің басты бағдарынан алып тастап, оларды өздерінің басқыншылық саясатын жүргізуге ұмтылтуға күш салып жатыр.

Осыған байланысты Рухани кешегі отырыста: "Палестина мәселесі қайтадан ислам әлемінің бірінші мәселесіне айналуы тиіс. Ирак пен Сирияда ДАИШ жеңілгеннен кейін басқа лаңкестік топтармен күресті жалғастыру керек. Сонымен қатар сионистік режимнің қатерлерінен, соның ішінде бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған бұл режимнің ядролық қару қоймасынан қапы қалмауымыз керек",-деп ескертті.

Иранның кешегі отырыстағы бірлік туралы жолдауының іс жүзінде ислам әлемін қаншалықты бір-біріне жақындастыратынын әлемнің қоғамдық пікірі жіті бақылап отыр.

 

 

 

Тегтер