"Оралу құқығы" шеруі – сионистік басқыншылыққа қарсы жаңа қарсыласу майданы
ХАМАС қозғалысы саяси кеңсесінің мүшесі Халил әл-Хие "Оралу және Газа қоршауын бұзу" шеруін сионистік басқыншылар үшін қашып құтыла алмайтын қорқынышты түс деп атап: "Біз әлемде біздің халықты қолдағандарға алғыс айтамыз, ал бізге қанжар салғандарды ұмытпаймыз. Дүниежүзілік Құдс күнгі шеруге әсерлі түрде қатысуды қалаймыз",-деді.
Палестина халқы "Жер" күні саналатын 30 наурыздан бері "Оралу құқығы" атты шеруді бастап, сионистік режимді үлкен түйткілге ұшыратты. "Оралу құқығы" шеруі іс жүзінде халықаралық теңгерімнің әлемдік сахнада Палестинаның мүддесіне қарай өзгеруіне себеп болды. АҚШ, сионистік режим мен кейбір араб билеушілері "ғасыр келісімі" аясында халықаралық теңгерімді сионистік режимнің мүддесіне өзгертуді көздеген кезде палестиналықтар қарсыласу қозғалысының әртүрлі әлеуеттеріне, соның ішінде "Оралу құқығы" шеруіне сүйеніп, іс жүзінде Палестинаға қарсы қастандықтармен күресуге бағытталған жаңа майдан ашты.
Аймақ пен Палестина істері жөніндегі сарапшы Саадулла Зареи палестиналықтардың стратегиясы, жетістіктері мен "Оралу құқығы" шеруінің мақсаттарын сараптап: "Осы мақсаттардың бірі – аймақтағы өзгерістерге байланысты шетке ысырылған Палестина мәселесіне қайта назар аударту",-деді. Ол екінші мақсатты палестиналық босқындар мәселесіне көңіл бөлу деп атады. Бұл мәселе 6 млн-нан астам палестиналық босқынды қамтиды. Зареи үшінші мақсатты Газа секторының қоршауын бұзуға талпыну деп атады. 2007 жылдан бері бұл сектор қоршау жағдайында. Палестиналықтардың бұл жаңа әрекеті сионистік режимнің зұлым әрекеттері мен Газа секторының қоршауын жою қажеттігіне бұрынғыдан көбірек назар салдырды. "Оралу құқығы" шеруі әлемдік қауымдастыққа мынадай жолдау береді: палестиналықтар араб билеушілері, соның ішінде Сауд Арабиясы ұсынған шешім жолдарын ұстануды көздемейді. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммад бен Салман осыдан біраз бұрынғы бір сөзінде палестиналықтардың сионистермен бітімге келуге көніп, соған қатысты шарттарды қабылдауы керектігін немесе тынышталып, бұрышта отыруы қажеттігін айтқан болатын. Алайда палестиналықтардың реакциясы олардың басқыншылармен бітімге келіп, қорлануды қабылдамайтынын және бір бұрышта тыныш отырмайтынын, Мұхаммад бен Салман сияқты адамдардың Палестинаның тағдырын қос қолмен сионистерге бергізбейтінін көрсетті. Палестиналықтардың "Оралу құқығы" шеруі Палестина қарсыласу қозғалысының Израильдің басқыншылықтары мен қылмыстарына зымыранмен жауап беруімен бірге сионистік басқыншылардың Палестина халқының азаматтық қарсыласудан бастап, қарулы қарсыласуына дейінгі әралуан күрес түрлері алдында одан әрі жеңіле түсуіне соқтырды. Палестиналық жауапты тұлғалар баса айтып отырған тұстардың бірі – "Оралу құқығы" шеруінің Дүниежүзілік Құдс күнімен байланысы. Құдс күнінің Палестинаның арман-мақсаттарын одан ары қолдауға бағытталған шаралар атқару үшін әсерлі қозғаушы күш болары анық. ИИР-ның негізін қалаушы имам Хомейнидің Рамазан айының соңғы жұмасын Дүниежүзілік Құдс күні деп жариялау туралы бастамасы әлемдік қауымдастыққа Палестинаның арман-мақсаттарын қолдау жолында жаңа серпін, палестиналықтарға сионист басқыншылармен күресте табандырақ болатын рух берді.