Израиль Құрбан айт күні палестиналық намазхандарға қарсы қылмыс жасады
Израиль режимінің әскерилері сенбі және жексенбі күндері палестиналықтарға шабуыл жасап, 5 адамды шәһид етіп, ондаған адамды жаралады.
Израильдік әскерилер сенбі күні (10 тамыз) Газа секторының шекаралық аймағында 4 жас палестиналықты атып өлтірді. Жексенбі күні, палестиналық мұсылмандардың Құрбан айт күні айт намазы 100 мыңнан аса намазханның қатысуымен әл-Ақса мешітінің ішінде оқылды. Палестиналықтардың әл-Ақса мешітіне кіруіне тосқауыл бола алмаған израильдік әскерилер палестиналық намазхандарға көзден жас ағызатын газ бен дыбыстық бомбалар атты. Бұл қақтығыста бір адам қаза тауып, кемінде 65 адам жараланды.
Сионистердің әл-Ақса мешітіне басып кіруі соңғы жылдарда, әсіресе Трамптың 2017 жылдың желтоқсан айында Құдсты Израиль режимінің астанасы ретінде тануға шешім қабылдағанынан кейін арта түсті.
Өткен 4 жылдың ішінде сионистердің әл-Ақса мешітіне басып кіру жиілігі 3,5 пайызға артты. Бұл жағдайдың басты себебі мынада: әл-Ақса мешіті мен Құдс израильдіктер мен палестиналықтар үшін діни және саяси-географиялық маңыздылыққа ие.
Палестина халқы Құдсты өздерінің діни болмысының символы санайды және израильдік әскерилердің шектен тыс қатігездігіне қарамастан Құдс пен әл-Ақса мешітін сақтап қалуды баса айтып отыр. Бұған қарама қарсы, Израиль Құдсты еврейлендіріп, әл-Ақса мешітін бұзып, Сүлеймен ғибадатханасын қайта салу мақсатында қадам жасап жатыр.
Палестиналық намазхандар мен израильдік әскерилер арасында соңғы екі күнде болған қақтығыстар кеше палестиналықтар үшін Құрбан айт күні, ал сионистер үшін "Сүлеймен ғибадатханасының қиратылған" күні болған жағдайда орын алды. Израильдіктер үшін бұл – аза күні және "тарихтағы ең қасіретті күндердің бірі".
Маңызды жайт мынада: б.з.д. 586 жылы Иерусалимдегі Сүлеймен пайғамбардың ғибадатханасы Рим әскері тарапынан қиратылды. Алайда израильдік әскерилер мұндай күнде палестиналықтарға шабуыл жасайды.
Құдс израильдіктер мен палестиналықтар үшін саяси-географиялық маңыздылыққа ие.
АҚШ өз елшілігін Тель-Авивтен Құдсқа көшірген 2018 жылдың мамыр айынан бастап сионистік режим басқа елдерді Құдсты осы режимнің жаңа астанасы ретінде тануға көндіруге талпынып келеді. Сол себепті палестиналықтардың әл-Ақса мешітінде намаз оқуына кедергі жасап отыр. Бұған қарама-қарсы палестиналықтар 2018 жылдың наурыз айынан бастап америкалықтардың "Ғасыр мәмілесі" атты жобасына қарсылық ретінде "Оралу құқығы" шеруін бастады. Құдсты Израильдің астанасы деп жариялау осы жобаның бір бөлігі еді. Аталмыш шеру 310 адамның шәһид болып, 30 мыңнан аса адамның жараланғанына қарамастан жалғасып жатыр.
Сионистік режим Құдс пен әл-Ақса мешітіне үздіксіз шабуыл жасау арқылы палестиналықтардың қарсыласуын бұзуға күш салып жатыр. Алайда палестиналықтар Израильдіктердің ауқымды қатігездіктерінен қорықпай, қарсыласу стратегиясын жалғастырып жатыр. Израильдік қатігездік пен палестиналық қарсыласудың текетіресі Құдс пен әл-Ақса мешітінде қақтығыстардың артуына әкеліп соқты. Оның соңғы жайты кеше, яғни палестиналықтардың Құрбан айт күні орын алды.