Лариджани: Санкция мәселесі шешілмесе, Иран ядролық келісімді жарамсыз деп таниды
Иран ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы егер батыстықтар Иранның ядролық мәселесін басқаша талқылағысы келсе және санкцияларды алып тастамаса, ядролық келісімнің бұзылатынын ескертті.
«Фарс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әли Лариджани бейсенбі күні түстен кейін сөйлеген сөзінде Иран Ислам Республикасы мен Батыстың ядролық келісіміне және оның Иран мен аймақтың жаңа жағдайына тигізер әсеріне сілтеме жасап: «Батыстықтар Иранның санкцияларын шешу мәселесінде қиындық тудыруға тырысуда. Лаңкестікпен күрес желеуімен ислам республикасына қарсы экономикалық қысымдарды сақтап, жаңа санкцияларды талқылау олардың айла- шарғыларының қатарына жатады» деді.
Лариджани Иран Ислам Республикасының Ливан Хезболласына қолдау көрсетуін ескеріп: «Хезболлаға қысым жасау қалыпты мәселе емес, өйткені олар Хезболланың лаңкестікке қарсы ағым екенін жақсы біледі, бірақ ислам республикасына қысым жасау үшін Хезболланы лаңкестердің тізіміне енгізген. Иранның Палестина халқын қорғауы діни және адамгершілік міндеті болып табылады. Теһран өз міндеті бойынша аймақтағы күрескер ағымдарға қолдау көрсетуін жалғастырады» деді.