2016 жылда Ресейдің әскери бюджеті азаяды
Ресейдің «Ведомости» газетінің осы елдің Қорғаныс министрлігіндегі бір хабардар көзге сілтеме жасап жазуынша, Ресейдің 2016 жылдағы әскери бюджеті елдің экономикалық жағдайына байланысты 5 пайызға азаяды.
Осылайша, Ресейдің 2016 жылдағы әскери бюджеті 41 млрд доллардан аспайтын болады. Бұл осы елдің жалпы ішкі өнімінің 4 пайызын құрайды. Ресейдің әскери бюджетінің азайған 5 пайызы 160 млрд рубльге тең. Қуат көздерін экспорттауға қатты тәуелді Ресейдің экономикасы мұнай бағасының төмендеуі мен Батыс елдері тарапынан салынған санкцияларға байланысты төмендеп кетті.
Ресей соңғы жылдары өзінің Қарулы күштерін модернизациялау үдерісін қарқынды түрде қолға алып, жалғастырып келеді. Осыған орай Ресейдің әскери және қорғаныс саласындағы жоғары лауазымды қайраткерлері 2020 жылға дейін модернизациялау саласына бюджеттен 500 млрд доллар жұмсалатынын айтқан болатын. Бірақ экономикалық шындықтарға, әсіресе Украина дағдарысын сылтауратып, Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкцияларды жалғастыруы мен Мәскеуге ондаған милиард долларлық шығын әкелген соңғы екі жылдағы мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне байланысты бүгінде бұл үдеріс кері шегінді. Ресей Қорғаныс министрлігіндегі қайраткерлердің бірінің 2016 жылда Ресейдің әскери бюджетінің 5 пайызға төмендетілгенін мойындауы кейбір жобалар кешеуілдейді немесе Ресейдің Қарулы күштеріне тапсырыс берілген кейбір әскери құрал-жабдықтар мен қару-жарақтар мүлде тапсырылмайды деген мағынаны білдіреді. Батыстың Ресейге қарсы қоқан-лоққыларының айтарлықтай артуы, әсіресе НАТО күштері мен әскери құрал-жабдықтарының Шығыс Еуропада, Ресейдің батыс шекараларына жақын жерде орналастырылуына қарамастан қазір «қырғи қабақ» соғыстан кейінгі басқа кездерден көбірек Кремль басшылары әскери күш-қуатты нығайту қажеттілігін сезініп отыр. Олардың көзқарасынша, батыстықтардың бейбіт уәждеріне керісінше іс жүзінде олар НАТО аясында күн сайын Ресейге қысымдарын бұрынғыдан көбірек арттырып отыр және ешқашан НАТО-ны шығысқа қарай ілгерілетуден бас тартқан емес. Осылайша, ресейліктер Батысқа қарсы тұрудың жолын өзінің Қарулы күштерін модернизациялауға ұдайы талпыну деп біледі. Әрине, бұл талпыныс жаңа басталған жоқ, шын мәнінде Ресей Президенті Владимир Путиннің билікке келген бірінші кезеңінен, яғни 2000 жылдан бастап Мәскеудің өзін әлемдік алпауыт ретіндегі рөлін қайта жандандыруға талпынысы мұнай бағасының өсуі сияқты басқа да жағымды факторлармен бірге Ресей Қарулы күштерін модернизациялауға жағдай жасауға себеп болды. Сол себепті Ресей үкіметі соңғы жылдары елдің әскери бюджетін бірнеше есе арттырып, Қарулы күштері мен әскери құрал-жабдықтарын модернизациялау үшін маңызды шаралар атқарды. Ресейдің саяси және әскери қайраткерлерінің назары әскери бюджетті ұлғайту, әскери құрал-жабдықтарды жаңарту және сапа мен өнімділік тұрғысынан Ресей Қарулы күштерінің қуатын арттырып, олардың амал-әрекет қабілетін айтарлықтай ұлғайтуға себеп болатын құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталды. Ресейдің әскери модернизациясы, әсіресе стратегиялық ядролық арсенал, соның ішінде баллистикалық зымырандар мен ядролық оқтұмсықтарды тасымалдауға қабілеттті қанатты зымырандарының түрлерін жаңарту бірнеше жыл бойы белсенді түрде көзделіп келе жатқан Ресейдің әскери саладағы басты бағыттарының бірі саналады. Ресей Президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресейдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтайтын негізгі әрі маңызды кепіл ретіндегі ядролық қарулар аймақ пен әлемде күштер тепе-теңдігі мен тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқарады.